Дзюдодан әлем чемпионаты: бірінші күннің қорытындысы
Кеше, 26 тамызда Рио-де-Жанейрода (Бразилия) дзюдодан әлем чемпионаты басталды. Жарыстың бірінші күні ерлер - 60 кг дейінгі салмақ санатында, әйелдер - 48 кг дейінгі салмақ санатында өнер көрсетті. Біздің еліміздің атынан Асхат Тельманов (60 кг), Елдос Сметов (60 кг), Айгүл Байкулева (48 кг) және Александра Подрядова (48 кг) өнер көрсетті.
Өкінішке орай, біздің дзюдошы қыздарымыз айналымнан шыға алмады. Бірінші жекпе-жекте Айгүл Байкулева бразилиялық Сара Менезеспен кездесті. Айгүл олимпиада чемпионын жеңе алған жоқ, бірақ біраз әбігерге салды. Ал Александра Подрядова бірінші айналымда түркиялық Сумейе Аккусты жеңгенімен, екінші кездесуде жапон қызы Харуна Асамиден (2010 жылғы әлем чемпионы) жеңіліп қалды.
Ал Елдос Сметов пен Асхат Тельманов тамаша өнер көрсетті, бірақ жартылай финалға шығуға сәл күштері жетпеді. «Қола» үшін таласуға мүмкіндік беретін жұбаныш кездесуде біздің жігіттер әзірбайжандық Орхан Сафаровпен және моңғол балуаны Болдбаатар Ганбатпен күш сынасты, бірақ жеңіліп қалды.
Нәтижесінде, Елдос Сметов пен Асхат Тельманов өз салмақ санаттарында жалпы рейтингте жетінші орынды қанағат тұтты. Ал алғашқы үштікте Наохиса Такато (Жапония), Амартувшин Дашдаваа (Моңғолия), Вон Жин Ким (Корея) орналасты.
Бүгін Астана уақыты бойынша сағат 19.00-да ippon.tv онлайн-арнасынан жарыстың жалғасын тамашалай аласыздар. Ерлер арасында 66 кг дейінгі салмақ санатында біздің Сергей Лим мен Азамат Мұқанов, қыздар арасында 52 кг дейінгі салмақ санатында Ленария Мингазова өнер көрсетеді.
0 пікірлер