Дидар Хамза – әлем чемпионатының қола жүлдегері!
Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан құрамасы Майамиде өтіп жатқан әлем чемпионатында үздік өнер көрсетуде.
FDK.KZхабарлағандай, алғашқы жарыс күні Бауыржан Жауынтаев әлем біріншілігінің жеңімпазы атанды. Әлем чемпионатының екінші күні Қазақстан медальдан құр алақан қалмады. 66 келі салмақта өнер көрсеткен Дидар Хамза отандық қоржынға қола медаль салып берді. Алғашқы белдесуін колумбиялық Хуан Теллоға қарсы өткізген Дидар иппон әдісімен жеңіске жетсе, австриялық Кристофер Вагнермен өткізген екінші жекпе-жегінде отандасымыз «таза» жеңіске (иппон) жетті. Ресейлік Павел Ершовпен болған үшінші кездесуінде ДидарХамза өзінің ширақ қимылдарымен «юко», ал бірер секундтардан кейін «вазари» арқылы ұпай жинады. Ары қарай Ершов қанша тырысқанымен, қазақстандық қарсыласының сағын сындыруға қауқарсыз еді. Осылайша қазақ палуаны төрешілер тарапынан тағы да екі «юко» иемденді. Өзінің төртінші кездесуін грузиялық спортшы Кобой Мчедлишвилимен өткізген жекпе-жек екі палуан үшін де оңай болмады. «Юко» әдісімен жеңіске жеткен грузин палуаны осы салмақ санатында әлем чемпионы атанды. Қола медаль үшін болған өзбек палуаны Сухроб Турсунов екеуінің белдесуінде қазақ дзюдошысы өзінің мықты екендігін тағы бір дәлелдеп, секундомер 1, 51 секундта иппон әдісін есепке алды.
60 келі салмақта арпалысқан қазақстандық Мадияр Ботеке бірінші кездесуінде француз спортшысы Жульен Флиорионтқа есе жіберді.
Турнирдің старттық тартысын Әйгерім Аманжанова (52 кг) сәтті бастады. Алғашқы белдесуінде Паоло Ацеведо (Пуэрто-Рико) және Теодор Баласоуға (Румыния) қарсы өткізген кездесулерінде, біздің спортшымыз жеңіске жетсе, ал үшінші белдесуін белорустық дзюдошы Юлиана Миненковамен өткізіп, «голден скор» қосымша уақытында есе жіберіп алды. Қорытынды протокол бойынша Аманжанова жетінші орынға жайғасты.
Кәмшат Қарасайқызы (48 кг дейін) Наташа Розаға (Пуэрто-Рико) қарсы өткізген дебютті кездесуінде 29-шы секундта иппон тәсілімен қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, жеңісін тойлады. Екінші кездесуін венгерлік дзюдошы Река Пуппен өткізді. Осы айқастың тағдыры Пупта бір «шидо», Қарасайқызында екі «шидомен» (ескерту) шешілді.
Бүгін түнде әлемдік біріншіліктің медалі үшін 73 кг және 81 келі (жасөспірімдер), 57 және 63 келі дәрежедегі (қыздар) спортшылар сарапқа салады.
0 пікірлер