Берік Жетпісбаев: "Қыздарға көбірек қолдау көрсетіп, сыйақы беру керек"
Жастар арасында әлем біріншілігінің күміс жүлдегері (Югославия, 1994 жыл), жастар арасында әлем біріншілігінің алтын медаль иегері (Болгария, 1995 жыл), ересектер арасында Азия чемпионы (1995, 1996 жылдары), ересектер арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері (Жапония, 1996 жыл), дзюдо күресінен спорт шебері
Өзіңіз қай кезден бастап спортпен айналыса бастадыңыз?
-Самбо күресін 5 –ші сыныптан бастадым. 1994 жылы жастар арасында өткен ел біріншілігінде жеңімпаз атанып, Югославияға әлем чемпионатына қатысып, екінші орын алдым. 1995 жылы жастар арасында бірінші, ересектер арасында әлем біріншілігінде үшінші орын алдым. Ересектер арасында екі дүркін Азия чемпионы болдым, Әлем кубогынан екінші орын, самбодан соң дзюдоға қатысып спорт шебері атандым.
Азаматты қайдан байқадыңыз, қалай көзіңіз түсті?
-Азаматты маған ағасы алып келген болатын. «Қамқорлық көрсетіп, қарап жүрсеңіз»,- деп тапсырды. Брініші жарыстан ел біріншілігін ұтты, самбодан әлем чемпионатын ұтты, самбода қандай жүлде бар барлығын ұтты. Мен Азаматты Алматыға шақыртып, үйімде тұрғызып кеңестерімді аямадым. Азаматтың ақылы бар. Кейбір спортшыларға бір нәрсе тапсырсаң, ертесінде ұмытып жатады. Алайда ол еңбекқор, жауапты спортшы.
Азматты дайындауда қандай әдіс қолданасыз?
- Олимпиаданың қола жүлдегері Айдын Смағұловқа жіберіп әңгімелестірем. Донбай Базарбек сияқты жігіттердің қасына қосып жіберем. Мықты балалармен күрестірем, сонда ол шындалады.
Азия ойындарында Азаматтан қазақ елінің жанкүйерлері алтын медаль күткен еді, алайда бас жүлдені алуға не жетіспеді?
-Кішкене дайындық жетіспей қалды. Адам кейде босап қалады, бұл ретте еңбектену керек.
Қазіргі жарыстардың ұйымдастырылу дәрежесін, сіздер күрескен кездегі жағдаймен салыстырсақ, қандай айырмашылықтар бар?
-Қазір бұрыңғыдан жақсы деп ойлаймын, тәртіп жағы жоғары деңгейде, нәтижелерде көңілден шығады. Мемлекеттен тарапынана қарастырылған қаржылай көмек көлемі жаман емес, спортшылар мен қатар бапкерлерге де сыйақы беріледі, яғни тек қана күресіп, жоғары жетістік көрсету керек.
Қазір қандай қызметтесіз?
-Бір жыл болды қыздардан құралған жастар құрамасына қызмет етуге келгеніме. Әлі де жұмыс істеу керек, әзірге айтарлықтай нәтиже жоқ. Дегенмен Шымкент қаласында өткен ел біріншілігінде Астанадан Әбілқадырова Айгерім екінші, Алматы облысынан Қашқын Жанар деген спортшымыз үшінші орын алды. Олар еңбекқор, жақсы спортшылар.
Қазіргі таңда қыздардың дзюдо күресіне деген қызығушылықтары қандай?
-Қызығушылық бар, бірақ қажет деңгейде емес. Ол үшін қыздарға көбірек қолдау көрсетіп, сыйақы беру керек. Қаражаттың көп бөлінгені, бойжеткендердің спортқа жаппай келуіне түрткі болады деп есептеймін.
Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз....
-Бір балам бар, Айдын деп олимпиаданың қола жүлдегері Айдын Смағұловтың құрметіне қойдым. Балам 4 жаста, қазірден бастап дзюдо күресімен айналысады.
Дзюдо күресіне қанша жастан бастап қатысқан дұрыс?
-Баланы бірінші гимнастикаға қатыстырып, денесін созып, жаттықтыру керек. Сонымен қатар, малтып үйрену керек. Сосын 5-ші сыныптан бастап дзюдоға берген жақсы болады.
Өзіңізді спортқа баулыған жеке бапкеріңіз кім?
Қоқысбеков Бақыт, ол кісі бізді таңғы 5 тұрғызып алып, жүгіртетін. Күніне үш рет жаттықтыратын. Біздің жоғары жетістіктерге жетуімізге зор үлесін қосқан осы азамат.
Мемлекет тарапынан немесе кәсіпкерлер тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
Дзюдо федерациясының Президенті Кеңес Хамитұлы, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі көмектесіп, қаржылай қолдап жатыр. Игі істері үшін алғысымызды білдіреміз, осындай көмек үнемі көрсетіліп тұрса, спортшының биік белестерден көрінуіне ықпалын тигізбек.
Сұхбатыңызға рахмет!
0 пікірлер