​Дзюдошылар Риодан оралды

12:00 | 04 қыркүйек 2013

Кеше түнде, 3 қыркүйекте, дзюдодан Қазақстанның ұлттық құрамасын қарсы алу үшін Алматы әуежайында туған–туыстары, достары және жанкүйерлері жиналды.

Әбден шаршаған спортшылар алған әсерлері мен алдағы жоспарлары туралы көпшілікпен қуана бөлісті. Әлемдік біріншіліктің күміс жүлдесін олжалаған Азамат Мұқанов екі жыл бұрын самбоны тастап, дзюдомен айналысуды бастаған еді. Мұндай шешімге келуге дзюдоның олимпиадалық статусы әсер еткен. Ел қоржынын медальдармен толтыруды жалғастыру балуанның мақсаты. Өкінішке орай, финалдық тартыста Азамат жапондық Масами Эбинумаға есе жіберіп алды.

Дзюдошының күміс алқасы Қазақстан ұлттық құрамасының иемденген жалғыз медалі. Осы медальдың арқасында қазақстандық команда жалпы рейтингтің 14-ші орнына жайғасты.

Финалдық тартысқа өте алмаған өткен чемпионаттың фавориті Максим Раков (100 кг) та Риодан алған әсерімен бөлісті. Екінші айналымда ол болашақ «қола» иегері, чех спортшысы Лукаш Крпалектен қапыда қалды. Максимнің айтуынша, ол алған жарақатынан әлі қалпына келіп үлгермеген. Ойын маусымынан алыстап қалған Максимді жаңа ережелер есеңгіретіп тастады. Бірақ кеткен кемшіліктерінің орнын толтырып, жеңіске жетуіне уақыт жеткілікті деп есептейді.

Естеріңізге сала кетейік, дзюдодан ересектер арасындағы әлем чемпионаты Рио-де-Жанейродағы (Бразилия) «Maracanãzinho Arena» спорт кешенінің маңында 26 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтті. Әлемнің 124 елінің 776 дзюдошысы өзара мықтыларын анықтады. Жеке белдесулер мен командалық жарыста 14 медаль жиынтығы ойнатылды. Қазақстан төрт орынмен үздік жетілікке енді. Оның ішінде «күміс» олжалаған Азамат Мұқанов бар. Дастан Ықыбаев 73 келіде өнер көрсетіп рейтингтің бесінші орнына, Елдос Сметов пен Асхат Тельманов –60 кг салмақта жетінші орынға жайғасты.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар