Дзюдодан әлем чемпионаты: қорытындысы мен келешегі
Дзюдодан болып жатқан халықаралық әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Айтулы дода Рио-де-Жанейроның (Бразилия) «Maracanãzinho Arena» спорт кешені аумағында 26 тамыз бен 1-ші қыркүйек аралығында өтті. 124 елдің 776 дзюдошысы өзара мықтыларын анықтады. Жеке белдесулер мен екі командалық жарыста барлығы 14 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Бұдан былай командалық белдесуді 2016 жылғы Олимпиадалық ойындар бағдарламасына қосу мәселесі көтерілуде. Себебі төрешілердің жаңа ережесі Бразилияда өткен дүбірлі додада сыналды.
Әлемдік біріншілікте Қазақстан құрамасының намысын қорғаған спортшылар мыналар:
Ерлер құрамасы:
1) Елдос Сметов (60 кг)
2) Асхат Тельманов (60 кг)
3) Сергей Лим (66 кг)
4) Азамат Мұқанов (66 кг)
5) Дастан Ыкыбаев (73 кг)
6) Дәулетхан Жақыпов ( 81 кг)
7)Ислам Бозбаев (90 кг)
8) Максим Раков (100 кг дейін)
9) Ержан Шынкеев (100 кг жоғары)
10) Ертуған Төренов (73 кг)
Әйелдер құрамасы:
1) Айгүл Байкулева (48 кг)
2) Александра Подрядова (48 кг)
3)Ленария Мингазова (52 кг)
4) Динара Кударова (70 кг)
5) Анар Сейтімова (78 кг дейін)
6) Гүлжан Исанова (78 кг жоғары)
Алғашқы күнгі жарыста, 26 тамызда ерлер 60 келіге дейін, ал қыздар 48 келіге дейінгі салмақ санатында белдесті. Біздің еліміздің намысын сол күні Асхат Тельманов (60 кг), Елдос Сметов (60 кг), Айгүл Байкулева (48 кг) және Александра Подрядовалар (48 кг) қорғады.
Өкінішке орай, қыздар да, жігіттер де іріктеу айналымынан өте алмады. Нәтижесінде, Елдос Сметов пен Асхат Тельманов өз салмақ дәрежелері бойынша жалпы рейтингтің жетінші орнына жайғасты.
Келесі күні, 27 тамызда барлық Қазақстан және дзюдо әлемі үшін қазақстандық спортшы Азамат Мұқанов 66 келі күмістен алқа тағынып, жарқын жетістікке қол жеткізді.
Азамат Мұқанов – әлемдік біріншіліктің медалін иемденген қазақстандық бесінші дзюдошы. Тұңғыш жеңімпаздар, 2001 жылы Мюнхендегі додада «қола» медаль иемденген Асхат Жіткеев пен Асхат Шахаровтар. 2009 жылғы Роттердамдағы әлем чемпионатында Максим Раков жеңімпаз атанып, әзірге қазақстан бойынша жалғыз әлем чемпионы атағын иемденіп отыр. Ол сондай-ақ, 2011 жылы Парижде күміс олжалаған болатын.
28 тамызда, қазақ елінің намысын 73 келі салмақта Дастан Ықыбаев жалпы рейтингтің бесінші сатысын қанағат тұтты.
Сонымен, жеке белдесулерде Қазақстан құрамасы төрт жүлдемен «үздік сегіздікке» енді. Күмістен Азамат Мұқанов (66кг) алқа тақса, Дастан Ықыбаев 73 келіде бесінші орынға табан тіреді, Елдос Сметов пен Асхат Тельмановтар 60 кг салмақта өнер көрсетіп, жетінші орынға жайғасты.
1 қыркүйекте командалық белдесулер өтіп, қазақстандықтар финалдық тартыстан қапыда қалды.
Нәтижесінде, қазақстандық құраманың дзюдошылары 2013 жылғы әлем чемпионатының жалпыкомандалық есебінде 14-ші орынды қанағат тұтты.
Әлемнің ең үздік дзюдошыларының басын біріктіретін келесі дода 2015 жылы Челябіде бас қосады.
0 пікірлер