Азиада қорытындысы: «Спорт пен білім үшін болған ойындар»
Нанкиндегі (Қытай) жасөспірімдер арасындағы Азиада ойындарының жүлделі орындары үшін болған дүбірлі дода межесіне жетіп, жабылу салтанаты өтті. 16-24 тамыз аралығында 45 Азиялық аймақтың 2 430 спортшысы 17 түрлі спорттың түрінен, оның ішінде ауыр атлетика, дзюдо және таеквондодан бақтарын сынады.
Қазақстандық құрама осы тартыстарда 10 медальға ие болып, 45 елдің ішінде жалпыкомандалық есеп бойынша 12-ші орынға жайғасты.
10 медальдың 5-еуін біздің дзюдошылар, таеквондошылар және ауыр атлеттер алып берді. Алғашқы күнгі тартыста қазақстандық жас дзюдошы Анатолий Дураченко 55 келі салмақта өнер көрсетіп, қоладан алқа тағынған болатын. Одан кейін Жанар Қашқын (63 кг) дзюдодан тағы бір қоланы иемденді.
Ал жас ауыр атлет Екатерина Столяренко 58 келі салмақта медальдық жиынтыққа өз үлесін қосып, жалпы сомасы 186 кг (85+101) қол жеткізіп, үшінші жүлделі орынға жайғасты.
Келесі медаль таеквондошы Ерасыл Кайырбектің еншісінде. Өз салмағында (53 кг) Ерасыл Қайырбек кешенді жарыстың қоласын иемденді.
Ал қазақстандық таеквондошы Фариза Алдоңғарова финалдық тартыста филиппиндік балуанға есе жіберіп, Азиаданың «күмісін» еншіледі.
Осындай көрсеткіштерімен біздің триумфаторлар Отанына оралып, кезекті додаларға дайындықтарын бастайды.
Жасөспірімдер арасындағы азиадалық ойын Азия Олимпиадалық кеңесінің бастамасымен төрт жылда бір рет ұйымдастырылады. Бірінші тартыс 2009 жылы Сингапурде өткен болатын. Ал келесі дода Хамбантотада (Шри-Ланка) өтеді.
Азиадалық ойындардың вице-президенті және ұйымдастыру комитетінің бас хатшысы Янь Лю дүбірлі доданың жабылу салтанатында «Бұл ойындар тек спорт үшін ғана емес, сондай-ақ жас ұрпақтың арасында білім мен ілімді қатар алып жүретін ойын түрі болуы тиіс» деп атап өтті.
0 пікірлер