Бүгін қазақстандық дзюдошылар Азиадада екі қола алды
Бүгін Джакартада өтіп жатқан Азиа ойындарында дзюдо бойынша сайыстар басталып, жеңіл салмақтағы мықтылар анықталды.
Жарыстың бірінші күнінде балуандар төрт салмақ дәрежесінде, атап айтқанда, ерлер 60 пен 66 келіге дейінгі салмақта күрессе, бұрымды балуандар 48 және 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесті. Қазақстан сапынан татамиге 4 дзюдошы шығып, оның екеуі жеңіс тұғырынан көрінсе, өкінішке қарай, екеуі жарысты жүлдесіз аяқтады. Кәмшат Қарасайқызы (52 кг) алғашқы айналымда-ақ жарыстан шықса, Азия ойындарының фавориті саналған Қазақстан ұлттық құрама командасының көшбасшысы Елдос Сметов (60 кг) жарақатына байланысты жарысты жалғастыра алмады.
Дзюдодан Қазақстан қоржынына алғашқы қоланы әйелдер құрамасынан Отгонцэцэг Галбадрах салды. Оның ізін суытпай, 66 келідегі балуанымыз Елдос Жұмақанов ел қоржынына екінші қоланы сыйлады.
48 келіге дейінгі салмақта белдескен отандасымыз Отгонцэцэг Галбадрах ширек финалда Солтүстік Корея спортшысы Ю Сун Жонды кедергісіз ұтып, жартылай финалға шыққан еді. Жартылай финалда Галбадрах Отгонцэцэг жапон қызы Ами Кондодан айласын асыра алмай, жұбаныш белдесуінде қола үшін күресуге мүмкіндік алған болатын. Ол жұбаныш белдесуінде қытайлық Иа Хиёнгты иппонмен ұтты.
Ал Елдос Жұмақанов болса жұбаныш белдесуінде Катар спортшысы Аюб Элидриссиді уақытан бұрын жеңіп, қола жүлдегер атанды.
Елдос Жұмақанов алғашқы белдесуінде филиппиндік Шуген Наканомен кездесіп, уақытынан бұрын таза жеңіске ие болды. Ширек финалда моңғол балуаны Эрхембаяр Баттогтохтан айласын асырып, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда жапон дзюдошысына есе жіберген отандасымыз жұбаныш финалында катарлық Аюб Элидриссиді ұтты.
Нәтижесінде, Қазақстан ұлттық құрамасының дзюдошылары Азия ойындарының бірінші күнінде жарысты 2 қола жүлдемен медаль кестесінде төртінші орында аяқтады.
0 пікірлер