Дзюдодан Қазақстан құрамасы Азия Чемпионатын төртінші орынмен аяқтады

17:30 | 28 мамыр 2017

Бүгін Гонконгта дзюдодан Азия Чемпионаты өз мәресіне жетті. Құрлықтық біріншілікті Қазақстан ұлттық құрамасы 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медальмен медаль саны бойынша жалпы есепте 29 ел ішінде 4-орынмен аяқтады. Чемпионаттың қорытындысы бойынша бірінші орында Жапония (8 алтын, 1 күміс, 3 қола), екінші орында Оңтүстік Корея (3 алтын, 4 күміс, 7 қола), үшінші орында Моңғолия (1 алтын, 3 күміс, 5 қола) құрамалары тұр.

100 келіге дейінгі салмақта белдескен балуанымыз Максим Раков ел намысын абыроймен қорғады. Ол финалға дейін қарсылас шыдатпай, финалда кореялық Ким Хуеншеолды вазари ұпайымен ұтып, екі дүркін Азия Чемпионы атанды. Максим Раков 2009 жылы Тайваньда өткен Азия Чемпионатында Чемпион атанған болатын.

30f7a79be984789a39784f09fd21a710.jpg

Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг) финалға дейін жетіп, финалда Моңғолия құрамасының спортшысы Мунхбат Уранцэцэцгке голден скорде жол берсе, финалға дейін жеткен тағы бір дзюдошымыз Елдос Жұмақанов (66 кг) шешуші белдесуде әлем чемпионы, Олимпиаданың күміс жүлдегері кореялық Ан Баулға есе жіберіп, екеуі де күмісті қанағат тұтты. Жарыстың екінші күнінде ел қоржынына тағы бір күміс медаль қосылды. 90 келіде татамиге шыққан Ислам Бозбаев финалда тәжікстандық Комроншох Устопириенмен белдесуінде ескерту қағазының көптігінен жеңіліп, Азия Чемпионатының күміс медаліне ие болды.

288fe1f3c3834681328966f4fa921594.jpg

73 келіде белдескен Жансай Смағұлов шешуші жұбаныш белдесуінде Иран балуаны Мохаммади Баримонлоу Мохаммадты иппон ұпайымен жеңіп, Азия Чемпионатының қола жүлдегері атанды. Қазақстан қыздар құрамасынан Зере Бектақызы (70 кг) және Гүлжан Исанова (+78 кг) жүлдегерлер қатарынан көрініп, Қазақстанға қос қола әкелді.

29c87f88c1a54ef5c74ec8d3dfb38c2b.jpg

Сондай-ақ, командалық сайыста Қазақстан ерлер және әйелдер ұлттық құрамасы чемпионатты 5-орынмен аяқтады.

Естеріңізге сала кетсек, Азия Чемпионаты 26-28 мамыр күндері Гонгонкта өтті. Құрлықтық чемпионатқа Азияның 29 елінен 244 спортшы бағын сынады. Қазақстан ұлттық құрамасынан 18 дзюдошы қатысып, 7 медаль алған болатын.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар