Қызылордада Қазақстан Чемпионаты басталды (Бірінші күні)
Бүгін Қызылордада дзюдодан Қазақстан чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күнінде әйелдер 48, 52, 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, ерлер 60 және 66 келі салмақ дәрежелерінде белдесті.
60 келіде қызылордалық Бауыржан Жауынтаев қарағандылық Шаратов Абылайханнан басым түсіп, ел чемпионы атанды. Қола медаль Ақтөбе облысынан келген Рустам Ибраев пен Алматылық Ғұсман Қырғызбаевқа тиесілі болды.
Ерлерден 66 келіге дейінгі салмақ дәржесінде сынға түскен Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Қалтаев Мейіржан қарсылас шыдатпай, Қазақстан чемпионы атанды. Күміс медалді Қырғызбаев Ғұмар (Алматы) иеленсе, қола медалді Алматы облысынан келген Мауленин Әбілхайыр және Есімбетов Ғабит (ОҚО) өзара бөлісті.
Рио Олимпиадасының қола медаль иегері Галбадрах Отгонцэцэг (Оңтүстік Қазақстан облысы) 48 келі салмақта мықтылығын дәлелдеді. Қызылордалық Салтанат Сұлтанбекова аталмыш салмақта күміс медальға ие болды. Абужақынова Абиба (Алматы облысы) мен Әйгерім Төреғожин (Қарағанды) ел чемпионатының қола медаль иегерлері атанды.
Әйелдерден 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қарасайқызы Кәмшат (Маңғыстау облысы) Қазақстан чемпионы атанса, финалдағы қарсыласы Гүлдана Әлмұханбетова (Батыс Қазақстан облысы) күмісті місе тұтты. Сүлеймен Айнұр (Жамбыл облысы) мен Түйтекова Айкүнім (Алматы облысы) үшінші орынға жайғасты.
Оңтүстік Қазақстан облысының дзюдошысы Нышанбаева Севера 57 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы болды. Атыраулық Назгүл Құбашева екінші орыннан көрінсе, 57 келіде қола жүлдені Маңғыстаулық Анна Казюлина мен Қарағандылық Старченко Анна жеңіп алды.
Естеріңізге сала кетсек, 16 қараша, бүгін Қызылорда қаласы, «Мұз айдыны» спорт кешенінде дзюдодан Қазақстан чемпионаты басталды. Чемпионат 19 қарашаға дейін жалғасады. Жарыс 10:00-де басталады. Кіру тегін!
0 пікірлер