Ташкенттегі Гран-при . Біздің жігіттер медальсыз қалды
Ташкентте дзюдодан Әлемдік Гран-при турнирі басталды. Қазақстандық балуандардың бірінші жарыс күнгі нәтижелерін назарларыңызға ұсынамыз.
60 кг дейінгі салмақ санатында Еркебұлан Қосаев қола медальға жақын болды, бірақ шешуші кездесуде ол моңғол балуаны Херлен Ганбольдтан жеңіліп қалды. Қазақстандық дзюдошы украиналық Геворг Геворхяннан жеңіліп қалғаннан кейін «жұбаныш» кездесуге мүмкіндік алған еді. Кіші финалға шығу үшін Қосаев өзбек балуаны Бахром Иноятовтың жауырын жерге тигізді.
Тағы бір қазақстандық Серіктай Закетаев алғашқы кездесуде сүрінді. Ол алаң иесі Азиз Зуваевтан жеңілді.
66 кг дейінгі салмақ санатында Бақдәулет Сәбитов жартылай финалға дейін жетті, бірақ моңғолдық қарсыласы Батгерел Баттсетсегтен жеңіліп қалды. Сөйтіп қола үшін кіші финалды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Бірақ онда да Бақдәулеттің бағы жанбады, бразилиялық Леандро Куньиден жеңіліп қалды. Қазақстандық спортшы бірінші кездесуде өзбек балуаны Ұлықбек Норкобиловты жеңген болатын.
Осы салмақта өнер көрсеткен біздің тағы бір спортшымыз Ілияс Измагилов, жоғарыда айтқан Закетаев сияқты, бірінші кездесуден-ақ сүрінді (ол да алаң иесі Ойбек Ашуровқа есе жіберді).
Ал 73 кг дейінгі салмақ санатында өнер көрсеткен Жәнібек Назаров бірінші кездесуде беларусь спортшысы Вадим Шоканы жеңсе, келесі кездесуде моңғол балуаны Цагаанбаатар Хашбаатардан аса алмай қалды.
0 пікірлер