Ермек Имамбеков: «Жұмаханов өте жақсы өнер көрсетті»
Дзюдодан ерлер құрамасының бапкері Алматыда өткен Әлемдік Гран-придің нәтижесіне риза ма, Максим Раков Рафаэль Бузакариниді қалай жеңді, Ислам Бозбаевтың жеңісі жанкүйерлерге неліктен қуаныш сыйламады? Осы және басқа да сауалдарға ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Ермек Имамбеков жауап берді.
- Не жоспарладық, бәрі орындалды. Гран-при турнирінің екінші күні тек бір салмақ санаты (81 кг) ғана мақсатқа жеткен жоқ. Қалған жігіттер үмітті ақтады. Алған он жеті медаль - жаттықтырушылар штабының ерен еңбегінің жемісі. Келешекте халықаралық жарыстарда да бізді осындай жетістіктер күтетініне сенемін. Елдегі дзюдоның деңгейі, бәсекеге қабілетті жастар өсіп келеді. Егер бұрын тек Максим Раков қана чемпион болса, қазір басқа жа жігіттер де жетіліп қалды. Бұл өте қуанышты жағдай.
Бозбаев пен Набиевтің кездесуі. Көңіл қалдырған финал
Өзбек спортшысы қолын жарақаттап алып, шешуші кездесуге шығудан бас тартты. Мен «автоматты» түрде бұйырған жеңісті емес, Исламның татамидегі нағыз жеңісін көргім келген еді, өкінішті.
Шынкеевтің сәтсіздігі
Ержан Вахавяктің шамасын жақсы білетін, яғни беларусь спортшысы финалда лайықты жеңіске жетті. Дегенмен, Шынкеевтің күміс медаліне мен дән ризамын, мен оның мүмкіндігін білемін. Егер ол алтын алғанда, тіпті супер-нәтиде болатын еді, әрине. Бірақ, екінші орын да, жаман емес.
Раковтың көптен күткен жеңісі
Финалда Максим қарсыласынан күшті болды деп айта алмаймын. Бразилиялық балуан Бузакарини ең алдымен, тактикалық тұрғыдан жеңіліп қалды, ол тәуекелге барудан тартыншақтады, асығыстыққа жол берді.
Алматының батыры
Елдос Жұмаханов өзі өнер көрсеткен 66 кг дейінгі салмақ санатында ғана үздік атанған жоқ, ол сонымен бірге турнирдің үздік дзюдошысы деп танылды. Оның финалдық кездесуін естеріңізге түсіріңіздерші?! Елдос жеңіліп бара жатып, мінез көрсетті, беларус балуаны Шершанды әбден шаршатты. Бұл салмақ санатында бәсекелестік зор екенін айта кеткім келеді. Өздеріңіз қараңыздаршы: Сергей Лим, Азамат Мұқанов, енді міне Жұмаханов. Ал 60 кг салмақ санатындағы жағдай да осындай. Елдос Сметов, Айбек Имашев, Асхат Тельманов және Рустам Ибраев – төртеуі де жарыстың бірінші күні жеңіс тұғырына көтерілді.
Ташкенттегі Гран-при(5-6 қазан). Негізгі міндеттер
Өзбекстанның елордасына тәжірибелерін жетілдіру үшін резервтік құраманы апарғалы отырмыз. Олардың да үлкен жарыстарға қатысып, тәжірибе алғаны жөн. Ұлттық құрамада бәсекелестік керек, онсыз жігіттер тоқырап қалуы мүмкін.
Алматыдағы Әлемдік Гран-при турнирі. Қазақстан құрамасы –жалпыкомандалық 1-ші орын. 17 медаль (5 алтын, 5 күміс, 7 қола).
Алтын
Елдос Сметов (60 кг дейін)
Елдос Жұмаханов (66 кг дейін)
Максим Раков (100 кг дейін)
Ислам Бозбаев (90 кг дейін)
Гүлжан Исанова (+78 кг)
Күміс
Айбек Имашев (60 кг дейін)
Ертуған Төренов (73 кг дейін)
Александра Подрядова (48 кг дейін)
Ержан Шынкеев (+100 кг)
Альбина Амангелдиева (78 кг дейін)
Қола
Асхат Тельманов, Рустам Ибраев (екеуі де – 60 кг дейінгі салмақ санаты)
Бақдаулет Сәбитов (66 кг дейін)
Дастан Ықыбаев (73 кг дейін)
Севара Нышанбаева (57 кг дейін)
Мариан Ордабаева (63 кг дейін)
Руза Духтурбаева (+78 кг)
Тимур Байкетаев (фото автордікі, ijf.org)
0 пікірлер