БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

13:12 | 01 қыркүйек 2015

2015 жылдың 24 – 30 тамызы аралығында Астана қаласында дзюдо күресінен әлем біріншілігі өткізілді. Оған 120 мемлекеттен келген 700-ден астам спортшы қатысты. Сонымен қатар, елордаға 1000-нан астам қонақ келді, олардың ішінде бапкерлер мен федерация басшылары және басқа да лауазым иелері бар. Жарыста әлемнің әр түрлі мемлекеттерінен және еліміздің аймақтарынан келген 160 журналист жұмыс істеді. Чемпионаттың көрсетілімі әлемнің 150 елінде жүргізілді. Жапония, Франция, Бразилия, Қытай, Ресей, Нидерланды, Австрия, Аргентина, Венгрия, Румыния, Моңғолия, АҚШ және басқа да мемлекеттердің тұрғындары жарысты теледидар арқылы тамашалады. Қазақстанда біріншілік «Казспорт» және «Қазақстан» телеарналары арқылы тікелей эфирде көрсетілді.

Медаль қоры бойынша еліміздің құрамасы 120 мемлекеттің ішінен төртінші орынға ие болды. Біздің алдымызда Жапония мен Франция және Оңтүстік Корея. Ал, ерлер арасында қазақ құрамасы Франциямен бірге үшінші орын алды, алдымызда Жапония мен Оңтүстік Корея. Қазақстанның дзюдо тарихында мұндай жетістік болған емес. Алтын медаль Елдос Сметовтың (60 келі) еншісінде, күмісті Рустам Ыбраев (60 келі) олжалады.

Естеріңізге салайық, әлем біріншілігінің барысында командалар арасында 5 салмақ бойынша жарыс өткізілді. Ерлер мен әйелдер құрамасы да оған қатысты. 15 қыз және 14 ерлер командасы бақтарын сынады, нәтижесінде Жапония құрамасының ерлері мен қыздары бірінші орын алды, ерлер арасында екінші орын Оңтүстік Корея спортшыларында, қола жүлде Моңғолия мен Грузия командаларында. Қыздар арасында күміске Польша спортшылары қол жеткізсе, Ресей мен Германия дзюдошылары қоланы місе тұтты. Ал, ерлер арасында қазақ құрамасы бесінші орынға тұрақтады.

Сондай-ақ, Астана қаласында екі жылда бір рет өткізілетін Халықаралық дзюдо федерациясының жиыны өткізілді. Оған 137 елдің өкілдері қатысты.

Жарыстың жабылу салтанатында Халықаралық дзюдо федерациясының жалауы 2017 жылы әлем біріншілігі өткізілетін Будапешке (Мажарстан) тапсырылды. ҚР Премьер – министрі Кәрім Мәсімов жалауды Мажарстан дзюдо федерациясының президенті Ласло Тотқа табыстады.

Жарыстың салтанатты түрде жабылу рәсімінде Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, Спорттық жекпе – жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының төрағасы Тимур Құлыбаевқа және Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышевке қазақ елінің қонақжайлылығы мен біріншіліктің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар, әлемдік дзюдоның дамуында еліміз үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

«Дзюдо федерациясы» РҚБ баспасөз қызметі

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар