Тедди Ринер Астанада сегіз дүркін әлем чемпионы атанды!

20:00 | 29 тамыз 2015

Астанадағы әлем чемпионатының жекелей сынындағы жарыстар аяқталды.

100 келі салмақта жапониялық Рюносуке Хага әлем чемпионы атанып, өз елінің қоржынына осы чемпионаттағы алтыншы алтын медальді салды. Өткен жылғы чемпионаттың жүлдегері неміс дзюдошысы Карл-Ричард Фрей биыл күміске қол жеткізді. Бельгиялық Тома Никифоров пен Димитрий Петерс (Германия) қола жүлдегер атанды.

Қыздар арасында 78 келіден жоғары салмақта қытайлық Ю Сон бірінші орынды иеленсе, екінші орын жапониялық Мегуми Тачимотоға бұйырды. Екі дүркін әлем чемпионы, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Куба елінің басты үміті Идалис Ортис тек қола жүлдегер атанды. Тағы бір қоланы жапониялық Канае Ямабе иеленді.

Ал, ең ауыр салмақта аты аңызға айналған француз спортшысы Тедди Ринерге тең келер ешкім болмады. Әлемнің ең атақты дзюдошысы сегізінші рет әлем чемпионы атанып отыр. Былтырғы жылғы әлем чемпионатында Ринерден жеңілген жапон елінің өкілі Рю Ситиноэбұл жолы да есе қайтара алмады. Адам Акруашвили (Грузия) мен Якив Хаммо (Украина) қола медальді жеңіп алды.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар