Ділбәр Өмірәлиева: «Қыздарға сенімділік жетіспейді»

17:51 | 28 тамыз 2015

Астанада өтіп жатқан дзюдо күресінен әлем чемпионатының бесінші күні қазақстандық спортшылар үшін сәтсіз аяқталды. Татамиге шыққан 4 балуанымыз да бастапқы бәсекелерінде жеңіліс тапты. 70 келіге дейін салмақта ел намысын қорғаған Ділбәр Өмірәлиева бірінші кездесуінде польшалық Клюс Катарзунаға есе жіберіп қойды. Жарыстан кейін жерлесімізбен тілдесіп, бір-екі сауал қойған болатынбыз.

– Ділбәр қателік қай жерден кетті?

– Дайындық жоғары деңгейде болды. Бұрынғымен салыстырғанда барлық жағынан өстім. Ал бұл кездесудегі қателік психологиялық тұрғыдан деп ойлаймын. Мұндай деңгейдегі әлем чемпионаты елімізде бірінші рет өтіп жатыр. Сондықтан жанкүйерлердің алдында қатты толқыдым. Кейбіреулер өз жанкүйерлерінің алдында жігерленіп, желпіне түссе, мен керсінше өз толқынысымды баса алмадым.

– Клюс Катарзунамен бұған дейін татамиде кездесіп көрдің бе?

– Бұған дейін кездескен жоқпыз.

– Польшалық балуаннан қандай ерекшелік байқадың?

– Ол былтырғы жылы Челябіде өткен әлем чемпионатында жүлдегер болған. Тәжірибелі балуан. Техникалық тұрғыдан шеберлігі жоғары. Жылдамдық жағынан оған үлгере алмай жаттым.

Тактикалық тұрғыдан қандай қателік кетті?

– Мен оған қарай қайта-қайта бара бердім. Сол кезде оның бір әдісіне екі рет алданып қалдым. Біріншісінде байқамай түсіп қалдым. Оны төрешілер «вазари» деп бағалады. Ал екіншісінде мен оған өзім шабуылдағанда күтіп алды. Нәтижесінде өздеріңіз көргендей «иппон» болды.

Бұл әлем чемпионатының алдында кімдерге қарсы ерекше дайындалып едің?

– Мен әр қарсыласымның кездесулерінің бейне нұсқаларын алдын-ала жазып алып дайындаламын. Яғни, барлық бейнежазбаларды қарап шығамын.

– Қазақ қыздарынан әлем чемпионатында әлі күнге жүлде алып көрген емес. Мұның себебі неде?

– Жігіттер қанша дегенмен ержүрек, батыр ғой. Сондықтан қолдарынан келеді деп ойлаймын. Оның үстіне өз жерімізде жанкүйерлер қызу қолдағанда тіптен күш алады. Ал қыз балалар ешкімнен кем емес. Оны оқу-жаттығу жиындарын да көруге болады. Бізге жетіспейтіні психологиялық көңіл күй. Татамиге шыққанда қыздарға өз күштеріне сену керек. Сол кезде медаль да болады.

– Қазіргі кезде рейтингте нешінші орындасың?

– Әлемдік рейтингте 50-ші сатыдамын.

– Келесі жылы Олимпиада ойындары өтеді. Төрт жылдықтың басты додасына қатысуға мүмкіндігің қандай?

– Әлі бір жыл уақыт бар. Мұнымен тоқтап қаламын деп айтпаймын. Себебі, бүгін менің тобым өте мықты болды. Енді алдағы жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуге тырысамын. Олимпиадаға дейін әлемдік Гран-при, Гранд-слам турнирлері бар. Рейтингте жоғары көтеріліп, Бразилия татамиінде белдесемін деп үміттенемін.

– Салмақ ауыстыру ойында жоқ па?

– Жоқ. Салмағым бірқалыпты. Сондықтан ауыстырудың қажеті жоқ.

Сәттілік тілеймін!

Әңгімелескен – Бек ТӨЛЕУОВ.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар