Манарбек Ағайдаров: Біздің басты міндет - халықаралық сахналарда табысты өнер көрсететін лайықты резерв дайындау
Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының құрылуы осы ұйымға қарайтын спорт түрлерін дамытуға бұрынғыдан да зор қолдау болатыны анық.
Қазақстанда аға буын спортшылардың лайықты ізбасарлары өсіп келеді - жас дзюдошылардың жастар арасындағы халықаралық және республикалық жарыстардағы жетістіктері осының айғағы. Спортты дамыту жөніндегі жұмыстар барлық өңірлерде жүргізілуде. Жамбыл облыстық дзюдо және самбо федерациясының президенті Манарбек Ағайдаров біздің басылымға берген сұхбатында отандық дзюдоны дамыту мақсатында өңірлерде қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы әңгімелеп берді.
- Жамбылдық спортшылардың әлеуеті оларға, бірнеше жыл болды, ішкі ғана емес, халықаралық жарыстарда да табысты өнер көрсетуге мүмкіндік беріп келеді.
- Біздің облыста екі мыңнан астам адам дзюдомен айналысады, менің ойымша, бұл жаман көрсеткіш емес. Оның үстіне, бұл жекпе-жек елімізде басымдықты спорт түрі болып саналады, ал дәстүр бар жерде, нәтижелер де бар. Ересектер арасында Талдықорғанда өткен соңғы Қазақстан чемпионатында жамбылдық дзюдошылар жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Ел құрамасына Жамбыл облысының атынан бес спортшы кіріп отыр, олар – Ленария Мингазова, Елдос Сметов, Ертуған Төренов, Дәулетхан Жақыпов және Әзиз Қалқаманұлы. Әлем және құрлық біріншіліктерінде лайықты өнер көрсетіп жүрген жастар мен жасөспірімдер құрамаларында да біздің облыстың өкілдері бар. Біз үшін әрқашан басымдықты міндет - дәл осы жастар спортын дамыту, халықаралық сахналарда табысты өнер көрсететін лайықты резерв дайындау болып табылады!
Құрамаға кіретін жігіттердің барлығы Штаттық ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясынан (ДШНК), Қазақстанның дзюдо федерациясынан жалақы, облыстық спорт басқармасынан стипендия алады. Егер спортшы өзінің қабілетін дәлелдей алса, ол материалдық тұрғыдан еш қиындық көрмейді. Біздің блыста білікті спорт кадрларын дайындау жөніндегі үлкен жұмыс жүргізілуде, сол үшін облыс басшылығына және Спорт және дене шынықтыру істері агенттігіне үлкен рахмет.
Одақ ыдырағаннан кейін мені облыстық федерация басшылығына ұсынды, содан бері, жиырма жыл бойы жамбылдық дзюдоны басқарып келемін. Одақ ыдырағаннан кейінгі дағдарыс жылдары, қаржы проблемасы еңсені әбден басып тастаған жылдары спортты дамыту оңай болған жоқ, бірақ меценаттардың арқасында дзюдо мен самбоны дамыту жөніндегі жұмыстарды жүргізе алдық. Сол бір қиын жылдары Жамбыл спортына материалдық жағынан қарасқан, біздің ұстанған бағытымызды қолдаған адамдарға, өзіміздің спортшылар мен жаттықтырушыларға рахметімді білдіргім келеді. Самбо мен дзюдо өзара жақын спорт түрлері және біздің өңірде бұл жекпе-жек түрлері біртіндеп дамып келеді. Әрине, дзюдо бүгінде Олимпиадалық спорт түрі және оған мемлекет тарапынан да, ұлттық федерация тарапынан да және демеушілер тарапынан да үлкен назар аударылуда.
- Жергілікті спортшылардың шеберліктерін ұштап отырған жаттықтырушы кадрлар туралы не айтасыз?
- Кезінде, кеңес дәуірінде бізді жаттықтырған бапкерлердің орнына олардан тәжірибе алған жас мамандар келіп жатыр. Қазіргі заманғы спорт бір орында тұрған жоқ, және жаттықтырушылар өз білімдерін үнемі жетілдіріп отырулары, оқулары керек. Біз жаттықтырушыларға қолымыздан келгенше жағдай жасап отырмыз, оларды біліктіліктерін жетілдіру үшін түрлі семинарларға жіберіп тұрамыз. Жақсы жаттықтырушы болмаса, спортшының жақсы жетістікке жетуі екіталай.
- Елдос Сметов – дзюдодан жастар арасындағы алғашқы және әзірге жалғыз чемпионымыз. Осыдан бірнен жыл бұрын Елдос осындай жетістікке қол жеткізеді деп ойлап па едіңіз?
- Елдосты әлі алда талай жеңіс күтіп тұр. Ол өте еңбекқор спортшы. Ересектер санатына ауысқан соң Елдос өзі талпынған биіктерді бағындыратыны анық, мен оған сенемін. Сметовтың әлемдік деңгейдегі жетістіктері, сөзсіз, біздің өңірдегі дзюдоның танымалдығына қосымша серпін болып отыр. Өскелең ұрпақ Сметовке қарап бой түзейді, содан үлгі алады.
- Көптеген дзюдошылар қазақша күрес пен самбо жарыстарына қатысады. Спорттың бір түрінде жоғары жетістікке қол жеткізген атлет неліктен басқа спортта сол жетістігін қайталай алмайды?
- Бір қарағанда ол спорттар өте ұқсас екені рас, бірақ техникаларда айырмашылықтар бар. Және ережелер де басқаша. Самбода немесе қазақша күресте рұқсат етілген тәсілдерді дзюдода қолдана алмайсыз. Немесе басқа мысал келтірейік: «Қазақстан барысы» турнирінде біздің даңқты балуанымыз, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Георгий Цурцумия өнер көрсетті. Бірақ ол әлсіз болғандықтан емес, дәл қазақ күресте тәжірибесінің жоқтығынан қарсыласына есе жіберіп алды. Күрес түрлерімен айналысатын барлық спортшының өз тәсілдері бар, сол тәсілдерді олар күрестің басқа түрінде қолдана алмайды, себебі оның техникасы басқашалау. Дзюдоның ерекшелігі сол, споршылар Халықаралық дзюдо федерациясының ұйытқы болуымен өткізілетін көп турнирлерге жыл бойы қатысу мүмкіндігіне ие. Мысалы, қазақша күресте үлкен жетістіктерге жетіп жүрген, бірақ дзюдода жолы болмай жүрген Бейбіт Ыстыбаевты алайық... Әмбебап балуандар баршылық, бірақ аз.
- Отандық балуандардың олимпиадалық перспективалары қандай деп ойлайсыз?
- Менің ойымша, Рим Олимпиадасында қазақстандық балуандардың жеңістен үміттері зор. Біздің еліміз отандық спортшылардың халықаралық сахналарда өнер көрсетулеріне барлық жағдайды жасап отыр. Елімізде қолданыстағы спорт залдары жаңартылып, жаңа кешендер салынуда. Осының барлығы салауатты ұрпақ тәрбиелеу мақсатында атқарылуда.
Қазыбек АЙСИН, Алматы
Ақпарат көзі: «Литер» газеті
0 пікірлер