Семей және Түркістан: заманауи спорт кешендерінің құрылысы
Жақында Семей және Түркістан қалаларында типтік заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешендері салынады. Бұл әмбебап спорт кешендері бокс, күрес, дзюдо, таеквондо, ауыр атлетика сияқты спорт түрлерімен айналысқысы келетіндерге есіктерін айқара ашпақ.
Еліміздегі спорттық қызметті дамыту мен өңірлердегі материалдық-техникалық базаларды нығайтудың таңдалған бағыттары аясында, спорт кешендерін салу туралы шешімді Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының төрағасы Тимур Құлыбаев қабылдады.
Конфедерацияның ұйытқы болуымен және демеушілердің қолдауымен, аталған қалалардағы спорт кешендерінің құрылысын «Қазақстанның бокс федерациясы» қауымдастығы түріндегі ЗТБ жүргізуде. Ендігі қадам - Конфедерация мен Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою. Осы құжатқа сәйкес, құрылысшылар спорт кешендерін пайдалануға бергеннен кейін, Конфедерация ол мекемелерді барлық қажетті спорттық жабдықтармен толық жарақтайды, бокс, дзюдо, таеквондо, күрес, ауыр атлетика сияқты спорт түрлері бойынша секциялар мен бөлімдердің жұмыстарын ұйымдастырады. Оған қоса, білікті жаттықтырушы-оқытушылар құрамы жасақталады.
Осылайша, салынып жатқан спорт кешендері ұлттық құрама командаларымыздың спортық резервтерін дайындауды қамтамасыз етіп, қазақстандық спортшылардың болашақ жеңістеріне үлес қосатын болады. Біздің еліміздің спорттық қызмет саласындағы бұл бағыт өңірлердегі дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруға, салауатты ұлт қалыптастыруға жағдай жасауға қолдау болатыны анық.
0 пікірлер