Қайырымдылық мақсаттағы жүгіру шарасы өтті!
Бүгін Астанада қалалық әкімдіктің қолдауымен Британ-Қазақстан қоғамы (British-KazakhSociety,BKS) ұйымдастырған V қайырымдылық жүгіру шарасы өтті.
Бұл марафонның мақсаты - түрлі қайырымдылық жобалар үшін қаржы жинау болып табылады. 2012 жылы Астанада және Алматыда өткізілген BKS марафондары кезінде жиналған қаражат «АЯЛА» қайырымдылық қорының «Тыныс ал, балақай! - Петропавл» жобасын іске асыруға жұмсалған болатын. Жиналған қаражатқа Петропавлдағы облыстық перзентхана үшін15 460 905 теңге сомаға балалар реанимация бөліміне арналған медициналық жабдықтар сатып алынған еді. Ол аппаратуралар дәрігерлерге ондаған шала туған нәрестелердің өмірлерін сақтап қалуға көмектесуде.
Дәстүрге айналған қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылар «Тыныс ал, балақай!» жобасының тиімділігін жоғары бағалап отыр. 2013 жылғы Астанада, Алматыда және Лондонда өткізілетін марафондар барысында жиналатын қаражат «Тыныс ал, балақай! - Орал» жобасына жұмсалғалы отыр. Орал облыстық перзентханасының балалар реанимациясы бөлімі үшін 18 285 500 теңге сомаға жабдықтар сатып алынбақ.
Астанада өткен BKS қайырымдылық марафонына биыл да еліміздің танымал спортшылары қолдау көрсетті, атап айтқанда шараға Илья Ильин, Ислам Байрамуков, Юрий Мельниченко, Ақжүрек Таңатаров, Данияр Елеусінов, Мерей Ақшалов, Асхат Жіткеев, Арман Шылманов, Феруза Ергешова, Нұрсқлтан Мамаев, Бейбіт Ыстыбаев, Мария Грабовецкая және т.б. қатысты. Олардың біразы жүгіруге қатысты және марафонның алдында жанкүйерлерге қолтаңба берді.
Қайырымдылық мақсаттағы жүгіру шарасының басты ұйымдастырушысы Гаухар Брамлей-Фентон ханым: «Қазақстанның басты қалаларында осымен бесінші жыл қатарынан қайырымдылық марафондарын өткізіп келеміз. Және біздің бастамамыз әкімдіктер, демеушілер мен қатысушылар тарабынан қызу қолдауға ие болып отырғаны қуантады. Әсіресе, «АЯЛА» қорына үлкен алғысымды білдіргім келеді», - деді.
Астанада өткен BKS қайырымдылық марафонының демеушілері: «Эйр Астана», KIOGE,ENRC компаниялары және «Технодом» дүкені. Ал серіктестерге келетін болсақ, олар: WorldClass фитнес орталығы, RadissonSAS отелі, «Әсем Ай Сарыағаш» суы және Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы. Бас ақпараттық демеуші – Muzzone телеарнасы.
Фото - Владимир Шаповалов
0 пікірлер