Дзюдодан Қазақстан чемпионаты. Бірінші күн.

17:57 | 30 мамыр 2015

Бүгін жазғы Спартакиада аясында Қарағанды қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. Жарыс 1 маусымда аяқталады.

Бірінші жарыс күнінде ерлер 60 және 66 келіде мықтыны анықтаса, әйелдер 48, 52 және 57 келіде белдесті.

60 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы атағы Қызылорда облысынан барған Дархан Сержановқа бұйырды. Финалда ол татами қожайынын Арман Отарбаевтан басым түсті. Серіктай Закетаев (Ақмола облысы) және Жақсылық Мұсырманов (Астана) қола жүлдегер атанды.

48 келіде Оңтүстік Қазақстан облысы атынан сынға түскен Отгонцэцэг Галбадрах топ жарды. Шешуші белдесуде Отгонцэцэг Шығыс Қазақстанның өкілі Меруерт Иманғалиеваны жеңді. Айгүл Байкулева (Ақтөбе облысы) мен Динара Ысқақова (Астана) үшінші орынға табан тіреді.

52 келі салмақ дәрежесінде Маңғыстау облысының дзюдошысы Олеся Куценко ел чемпионы атанды. Екінші орынды Гүлдана Әлмұханбетова (Батыс Қазақстан облысы) алса, Назгүл Елмұратова (Шығыс Қазақстан облысы) мен Александра Подрядова (Оңтүстік Қазақстан облысы) қоладан алқа тағынды.

66 келіде Ғабит Есімбетов (Оңтүстік Қазақстан облысы) озып шықты. Күміс медаль Жансай Смағұловтың (Қарағанды облысы) еншісінде. Асхат Телманов (Атырау облысы) және Ерасыл Сәкенұлы (Алматы) үшінші орынға жайғасты.

57 келі салмақ дәрежесінде Атырау облысының өкілі Назгүл Құбашева тең келер ешкім болмады. Финалдық кездесуде Назгүл жергілікті спортшы Анна Старченконы тізе бүктірді. Үшінші орынды Бақыт Құсақбаева (Ақтөбе облысы) мен Севара Нышанбаева (Оңтүстік Қазақстан облысы) иеленді.

Отгонцэцэг Галбадрах, 2015 жылғы Қазақстан чемпионы:

- Бұл менің Қазақстандағы алғашқы жарысым. Чемпионат жақсы деңгейде ұйымдастырылған. Өзімнің қарсыластарыммен Шымкентте өткен бірлескен оқу-жаттығу жиынында танысты. Олар мені жақсы қарсы алды. Мен осы команданың мүшесі болғаныма қуаныштымын және болашақта Қазақстан құрамасына халықаралық жарыстарда пайдамды тигіземін деп ойлаймын.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар