ЕРМЕК ИМАМБЕКОВ : «Исламға үлкен үміт артып отырмыз»

14:47 | 27 сәуір 2015

Ерлер құрамасының бас бапкері Ермек Имамбеков 24-30 тамыз аралығына Астанада өткізілетін әлем біріншілігіне дайындық барысы туралы және спортшылардың жетістіктері жайлы сұхбат берді.

- Жыл басынан бері есептегенде ұлттық құраманың қоржынында 6 медаль бар, -дейді Ермек Имамбеков. Гран-при турнирлерінде Рустам Ыбраев (60 келі, қола, Дюссельдорф) пен Дастан Ықыбаев (73 келі, күміс, Тбилиси) және Ислам Бозбаев (90 келі, қола, Самсун) ерекшеленсе, Еуропаның ашық біріншіліктерінде Ерасыл Сәкенұлы (66 келі, алтын, София),Елдос Жұмаханов (66 келі, күміс) және Ғұмар Қырғызбаев (60 келі, қола, екеуіде Варшавада) жеңіс тұғырынан көрінді.

- Осы жетістіктер сіздің көңіліңізден шыға ма ?

- Әрине, барлық спортшылардың күресі көңілімнен шықты. Елдос Сметовтың (60 келі) Дюссельдорф пен Тбилисиде өткен Гран-при жарыстарында үштікке ене алмаған себебі, ол негізінде Астанада өтетін әлем біріншіліген әзірлену үстінде. Сондықтан жыл басында біз Жапонияда жоғары деңгейде жаттығу өткіздік. Елдос осы жаттығудан кейін өзінің қалпына келе алмағанын айта кеткен жөн. Қазір қайта дайындық деңгейін жоғарылату үстінде, алдағы Азия біріншілігінде Кувейтте алтынға таласпақ.

- Құрама көшбасшыларының бірі Максим Раков (100 келі) әлі күнге дейін Тувшинбаяр Найданды жеңе алмай келеді, осы жолы оған Дюссельдорфта жол берді

- Қазір біз олардың кездесуі бойынша талдау жасап жатырмыз, өзіміздің кемшіліктерімізді түсіндік, енді жұмыс істейтін боламыз.

- Бір жылдан астам уақыт Ислам Бозбаев татамиге шыққан жоқ (90 келі). Гран-при жарысында бірден қоланы қанжығасына байлады. Бұл жақсы көрсеткіш пе әлде сіз Исламнан алтын күттіңіз бе?

- Бұл өте жақсы көрсеткіш. Себебі осы салмақта көптен бері медаль болған жоқ. Ислам ұлттық құрама сапына оралып, қазір біз оны Азия біріншілігіне дайындаудамыз. Ол жарыста жоғары нәтиже көрсетеді деп сенемін және елімізде өткізілетін әлем біріншілігінде бақ сынайтын болады. Менің ойымша, ол Рио-де-Жанейрода өткізілетін Олимпиада ойындарында да өзін жақсы қырынан көрсетеді деп есептеймін. Енді оны дұрыстап дайындау керек, бапкерлер құрамы Исламға үлкен үміт артып отырмыз.

- Қазір өткізіліп жатқан жаттығулар барысында неге басымдық беріп жатырсыздар?

- Қазір біз жүгіру мен күштік жаттығуларға көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Дзюдошыларымыз күрес кезінде тез шаршамай, соңына дейін төзімді болулары үшін тырысудамыз. Сонымен қатар, жоғарыда айтқанымдай оңтайлы әдіс қолдану бағытында жұмыс жасаудамыз. Жапонияда өткен жаттығуда таң қалдық, олардың спортшылары бапкерсіз-ақ жаттыға береді екен, барлығы автоматтандырылған.

- Азамат Мұқановтың жағдайы қалай? Гран-при жарысына қатыспады ғой...

- Өткен жылы желтоқсан айында өткен оқу-жаттығу барысында Азамат жарақат алып, үш жаттығудан қалып қойды. Шымкентте өткізілген оқу-жаттығудан бастады , сондықтан біз оын Гран-при жарыстарына апармадық. Оның осы жылдағы бірінші турнирі – Венгрияда өтетін Гран-при.

- 100 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі жағдай мәз емес, Ержан Шынкеевті алсақ жеңіс тұғырынан көрінбегелі көп болды ...

-Ержан Шынкеев және Руслан Әбдрәзақов өздерін әлі толыққанды көрсете алмай жүр. Шынкеев бір кездері үштікке еніп жүрген балуан еді, ауырғаны оның жарыс жолынлағы жағдайына әсер етті. Тыныс алуы нашарлап, әлі күнге дейін қалпына келмей келеді.

- Сөз соңында ең маңызды сұрақ, өзімізде өтетін әлем біріншілігінде ерлер құрамасының алдында қандай мақсат қойылған ?

- Біздің басшылығымыз алдымызға 3 медаль жеңуді тапсырды. Олардың екеуі алтын, біреуі қола. Алайда менің ойымша, бір алтын мен бір қола алсақта жаман емес. Себебі Астанаға әлемнің ең мықты деген дзюдошылар келеді, өз жанкүйерлерімізді қуантуға тырысамыз.

http://sport.zakon.kz

Тимур БАЙКЕТАЕВ

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар