Қазақстандық дзюдошылар Азия чемпионатынан 21 медаль жеңіп алды
15 желтоқсан күні Қытайдағы Азия біріншілігінде сәтті өнер көрсеткен жас дзюдошыларымыз Хайнаннан Алматыға ұшып келді. Спортшыларды күтіп алу сәтінен фото және бейнематериалдарды мына жерден таба аласыз.
Халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес, жастар арасындағы құрлық біріншілігіне 19-23 жас аралығындағы жастар және 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысады.
13 желтоқсан күні Қытайдың Хайнан қаласында жастар арасындағы 14-і және жасөспірімдер арасындағы 7-і Азия чемпионаты мәресіне жетті. Аталған дүбірлі додада жас спортшыларымыз жалпы есебі 21 медаль жеңіп алды, оның ішінде үшеуі алтын жүлде.
Жасөспірімдер арасындағы құрлық бәсекесінде жас өрендеріміз 9 медаль еншіледі. 50 келі салмақтағы Мағжан Шәмшидинге құрлықта ешбір қарсылас шақ келмей, жерлесіміз Азия чемпионы атанды. Қыздар арасында 40 келіде сынға түскен Гүлдана Мұрат та тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.
Ал күміс жүлде иеленген спортшылар қатарында Жанар Қашқын (63 келі) мен осы жазда Майамиде өткен әлем чемпионатында топ жарған Бауыржан Жауынтаев (55 келі) бар. Қола медаль Нұрсұлтан Иса (60 келі), Дидар Хамза (73 келі), Әйгерім Аманжанова (52 келі), Әйгерім Әбілқадырова (57 келі) және Динара Құсайынға (70 келі) бұйырды. Ұлттық құрама мүшелері Нұрбек Әмірәлі (90 келі) мен Әдия Сайын (44 келі) және Аида Қаршаевалар (48 келі) қола медаль үшін күресте қарсыластарына есе жіберіп, 5-і сатыға тұрақтады.
Осылайша, дзюдодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жалпыкомандалық есепте Қытай мен Оңтүстік Кореяны алдыға жіберіп, үшінші орын иеленді.
Жастар арасындағы сары құрлық додасында Қазақстан спортшылары жалпыкомандалық есепте 4-і орыннан көрінді. Олардың еншісінде жалпы есебі 12 медаль: 1 алтын, 3 күміс және 7 қола жүлде бар.
Жастар арасында жалғыз алтынды 66 келіде белдескен Оразалы Ермекбай жеңіп алды. Ал Ерлан Жақсыбеков (60 келі), Еламан Ерғалиев (+100 келі) және Дарья Луновалар (48 келі) ақтық сында сүрінді. Қола жүлдегерлер: Асылжан Сейдуәлі (55 келі), Айдос Ғалымов (81 келі), Темірлан Көлбай (90 келі), Әділхан Қозыбаев (100 келі), Еңлік Сатыбалды (44 келі), Әсел Қайсарова (52 келі), Анна Старченко (57 келі) және Ақерке Мырзабек (63 келі).
Жастар арасындағы Азия біріншілігіне барлығы 21 мемлекеттен спортшылар қатысып, 10 алтын, 1 күміс медаль иеленген Жапония құрамасы жалпы есепте көш бастады. Екінші орынға 2 алтын, 2 күміс және 5 қола медалі бар Оңтүстік Корея спортшылары тұрақтаса, 2 алтын, 1 күміс жүлде еншілеген Моңғолия жастары үшінші сатыда.
Хайнандағы Азия чемпионатына қатысқан дзюдодан Қазақстан жастар құрамасын Нұрбол Сүлейменов пен Жанат Нұртазина, жасөспірімдер құрамасын Ғалиден Балтин және Ерлан Алпысбаевтар жаттықтырады.
Назарларыңызға Азия дзюдо одағының ресми сайтында жарияланған жүлдегерлер тізімін ұсынамыз.
Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы 7-і Азия чемпионаты:
http://www.onlinejua.org/admin/event/files/eventfile9..
Дзюдодан жастар арасындағы 14-і Азия чемпионаты:
0 пікірлер