Конфедерация спортшылары «Жастар қуатты Қазақстан үшін!» Форумға қатысты
Конфедерация спортшылары Батыс Қазақстан облысында Елбасының қатысуымен өткен «Жастар қуатты Қазақстан үшін!» республикалық форумына қатысты. Форумға студент, спортшы, шығармашыл және жұмысшы жастардың 2000-ға жуық өкілі келді. Сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстарының жастары да тікелей эфир арқылы осы іс-шараға қатысты. Конфедерацияның қатарынан Форумға атақты спортшыларымыз Серік Сәпиев, Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза, Дәнияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы және Максим Раков шақырылды.
Мемлекет басшысы қатысушыларды форум жұмысының басталуымен құттықтап, жастардың негізгі бастамаларды жүзеге асыруға белсене қатысып жүргеніне тоқталды.
Қазақстан Президенті форумға көптеген белгілі спортшылар қатысып отырғанына назар аударды.
– Біздің Илья Ильин, Геннадий Головкин, Денис Тен, Александр Винокуров және оларға қоса Лондон Олимпиадасында көпті тәнті еткен өзге де олимпиадашыларымыздың есімдері бүкіл әлемге танымал. Олар жаңа буын үшін лайықты үлгі болып саналады. Бүгінде спорт саласында 1500 спорт нысаны – стадиондар, бассейндер, хоккей және теннис корттары жұмыс істейді. Бүгінгі біздің форумның Қазақстан теннис федерациясының көмегімен салынған осы заманауи Теннис орталығында өтіп отыруы да бекер емес. Мұнда болашақ чемпиондар тәрбиеленеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев жасалып жатқан жұмыстың бәрі ел болашағына, өскелең ұрпақтың ертеңіне бағытталып отырғанын айтты.
– Бүгінде сендердің алдарыңнан бүкіл әлемге жол ашық. Сендер қызықты кезеңде өмір сүріп, болашаққа бағыт ұстаған елмен бірге өсіп келесіңдер. Осының барлығы бейбітшілік пен тұрақтылықтың, Қазақстан халқының достығының, туыстығының және өзара түсіністігінің арқасы, – деді Мемлекет басшысы.
Даңқты спортшы, ауыр атлетикадан екі мәрте олимпиада чемпионы Илья Ильин мемлекет басшысына спортшыларды қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.
Форум барысында «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің мүшесі, Қазақстан-финляндия бизнес-хабының жетекшісі М.Манкеев, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті президенттік стипендия иегері Г.Қойланова, олимпиада чемпионы И.Ильин, Атырау және Маңғыстау облыстары жастарының өкілдері сөз сөйлеп, жастарға және олардың бастамаларына ұдайы қолдау көрсететін Мемлекет басшысына алғыстарын айтты, сондай-ақ «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру ісіне белсене қатысуға әзір екендіктеріне сендірді.
Форум 4 корты, 300 орынға арналған трибуналары бар теннис орталығында өтті. Кешен дене шынықтыру және сауықтыру іс-шараларын өткізуге, халықтың белсенді демалысына арналған.
фото - www.akorda.kz, www.inform.kz
0 пікірлер