Дзюдодан еліміздің жаңа чемпиондары анықталды
Бүгін Өскеменде дзюдодан Қазақстан біріншілігі аяқталды. Сіздерді еліміздің жаңа чемпиондарымен таныстырамыз. Ерлер: 60 келіге дейінгі с/д жеңімпаз – Ғабит Есімбетов (ОҚО) 66 келіге дейінгі с/д жеңімпаз – Жансай Смағұлов (Қарағанды обл) 73 келіге дейінгі с/д жеңімпаз – Дастан Ықыбаев (ШҚО) 81 келіге дейінгі с/д жеңімпаз – Әзиз Қалқаманұлы (Жамбыл обл) 90 келіге дейінгі с/д жеңімпаз – Тимур Болат (Астана) 100 келіге дейінгі с/д жеңімпаз – Максим Раков (Қарағанды обл) 100 келіден жоғары с/д жеңімпаз – Ержан Шынкеев (Қарағанды обл) Абсолютті салмақтағы жеңімпаз - Дәурен Нұралинов (ШҚО) Әйелдер: 48 келіге дейінгі с/д жеңімпаз – Айгүл Байқұлова (Ақтөбе обл) 52 келіге дейінгі с/д жеңімпаз – Олеся Куценко (Маңғыстау обл) 57 келіге дейінгі с/д жеңімпаз – Назгүл Құбашева (Атырау обл) 63 келіге дейінгі с/д жеңімпаз – Мариан Ордабаева (Алматы) 70 келіге дейінгі с/д жеңімпаз – Қалжан Тайжанова (ШҚО) 78 келіге дейінгі с/д жеңімпаз – Альбина Амангелдиева (ОҚО) 78 келіден жоғары с/д жеңімпаз – Роза Доқтырбаева (Жамбыл обл) Абсолютті салмақтағы жеңімпаз – Зарина Ройфова (Алматы) Бапкерлер қауымының пікірі Дзюдодан ерлер құрамасының бас бапкері Ермек Имамбеков ел біріншілігі жоғары деңгейде өтті деп есептейді. «60 келі салмақ дәрежесінде жас әрі талантты спортшылардың бірі Ғабит Есімбетов чемпион атанды. Қатысушылардың ішінде Ғабиттің аяқ алысына риза болдым. Финалда Есімбетовтен жеңіліп қалған Ғұмар Қырғызбаев та болашағы бар бала екен. Бұл салмақтың үздіктері Елдос Сметов пен Асхат Тельманов Қазақстан чемпионатына қатысқан жоқ. Елдос жарақатын емдеп жатыр. Ал Асхат болса, тура біріншілік басталар тұста тұмауратып қалды. 60 келі салмақтың көшбасшылары қатыспаса да, белдесулер өте тартысты өтті»,- дейді Ермек бапкер. Биылғы ел чемпионатына Ислам Бозбаев пен Гүлжан Исанова сынды танымал спортшыларымыз қатысқан жоқ. Сондай-ақ, ұлттық құрамадағы бірінші нөмірлі балуандардың кейбірі өз салмақтарына белдеспеді. Мәселен, Сергей Лим мен Азамат Мұқановтар әдеттегідей 66 келіде емес, 73 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап көрді. Алайда, 29 қараша күні Токиода өтетін «Үлкен Дулыға» лицензиялық турнирінде балуандар өз салмақтарына қайта оралады. Әйелдер құрамасының бас бапкері Жексенбай Саламатов 52 келіде қола жүлдегер атанған Әсел Қайсарқызы мен Айкүнім Түйтекованың шеберлігі жоғары екенін айтып өтті. Сондай-ақ, 57 келіде чемпион атанған Назгүл Құбашева мен аса ауыр салмақта бірінші орын иеленген Роза Доқтырбаеваның көрсеткіштері қуанарлық екен. «Біріншіліктің жеңімпаздары және жүлдегерлерінен жасақталған құрама 2014 жылдың алғашқы жарты жылдығын жаттығу жұмыстарына арнап, мамыр айынан бастап Олимпиадаға ұпай тарататын турнирлерге қатысады» дейді Жексенбай Саламатов. Қазақстан біріншілігінің барлық жүлдегерлері ұлттық құрама сапына енеді. Штаттағы ұлттық командалар дирекциясы бекіткен, 2014 жылы өнер көрсететін ұлттық құраманың толық тізімі желтоқсан айында белгілі болмақ. Көшбасшы аймақ Өскемендегі ел біріншілігінде Шығыс Қазақстан облысының спортшылары 3 алтын және 5 қола медальмен жалпыкомандалық есепте топ жарды. 3 алтын, 4 қола медаль иеленген Қарағанды облысы екінші орында. Үздік үштікті 2 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль жеңіп алған Алматы қаласының дзюдошылары қорытындылап тұр. 1. Шығыс Қазақстан облысы: 3-0-5 2. Қарағанды облысы: 3-0-4 3. Алматы: 2-2-5 4. Оңтүстік Қазақстан облысы: 2-2-4 5. Жамбыл облысы: 2-2-1 6. Ақтөбе облысы: 1-2-0 7. Астана: 1-1-2 8. Маңғыстау облысы: 1-0-1 9. Атырау облысы: 1-0-0 10. Қызылорда облысы: 0-4-5 11. Павлодар облысы: 0-1-3 12. Алматы облысы: 0-1-2 13. Батыс Қазақстан облысы: 0-1-0 Бүгін ел кубогі үшін өткен командалық сын аяқталды. Ерлер -66,-73,-81,-90,+90 келіде, қыздар -52,-57,-63,-70,-70 келі салмақ дәрежелерінде белдескен болатын. Командалық бәсекеде ерлер арасында Шығыс Қазақстан облысының құрамасы, қыздар арасында Алматы қаласының құрамасы жеңіске жетті. |
0 пікірлер