Дзюдодан Қазақстан чемпионаты: Алғашқы екі күннің қорытындысы
Өскеменде дзюдодан ел біріншілігінің алғашқы екі күні аяқталып, 12 жаңа чемпионның есімі белгілі болды. Ерлер арасындағы аса ауыр салмақта Ержан Шынкеевтің (Қарағанды облысы) шоқтығы бәрінен биік болды. Ол өзінің қарымды қарсыластарының бірі, Қызылорда облысының намысын қорғайтын Руслан Әбдіразақовты финалда таза жеңді. Бұл салмақта үшінші орынды Сәулет Әбдісалықов (ОҚО) пен Дәурен Нұралиновтер (ШҚО) иеленді. 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Максим Раковқа (Қарағанды облысы) тең келер ешкім жоқ. Раков ақтық айқаста Әділхан Қозыбаевтан (Қызылорда облысы) басым түсті. Қос қола жүлде Талғат Әміренов (ШҚО) пен Олжас Шынкеевтің (Қарағанды облысы) еншісінде. Ұлттық құрама үздігі, 90 келіге дейінгі салмақтың көшбасшысы Ислам Бозбаев биылғы ел біріншілігінен тыс қалды. Абайсызда жарақат алып қалған Бозбаев бүгінде емделу үстінде. Ал бұл салмақтағы бірінші орынды Астана балуаны Тимур Болат иеленді. Күміс жүлде Жамбыл облысының спортшысы Айбол Айтбекте. Ал екі қола жүлдені Бекзат Мұрат (Алматы) пен Мақсат Исақабылов (Қызылорда облысы) жеңіп алды. Тізесінен алған жарақатынан айығып, қатарға қосылған Әзиз Қалқаманұлы (Жамбыл облысы) 81 келіде топ жарды. Финалда ол ақтөбелік балуан Әділет Мисинді жеңді. Үшінші орын үшін күресте Ержан Абдулаев (Қызылорда облысы) пен Фархад Розақұловтар (Алматы) қарсыластарын қапыда қалдырды. 73 келі салмақтағы белдесулер өте тартысты өтті. Себебі, бұл салмақта басқа емес, әлемдік турнирлерде жүлде алып жүрген Сергей Лим (Алматы) мен Азамат Мұқанов (БҚО) та белдескен еді. Алайда, бұл салмақтың үздігі Дастан Ықыбаев (ШҚО) жартылай финалда Сергей Лимді, финалда Азамат Мұқановты ұтып, ел чемпионы атанды. Қола жүлде Ертуған Төренов (Жамбыл облысы) пен Еркебұлан Қанафинге (Қарағанды облысы) бұйырды. Ал 66 келіде Жансай Смағұлов (Қарағанды облысы) чемпион атанды. Жансай 2012 жылы 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан біріншілігінде жеңімпаз атанған спортшы. Финалда ол Ғалымжан Әбдірахмановты (Қызылорда облысы) ұтты. Қола жүлдегерлер: Ілияс Измагилов (ШҚО), Бақдәулет Сәбитов (ОҚО). Бұл салмақтың үздіктері негізінен 73 келіде белдескенін естеріңізге саламыз. Қыздар арасындағы белдесулер де өте тартысты өтуде. 78 келіден жоғары салмақта Роза Доқтырбаева (Жамбыл облысы) бірінші, Зарина Байбатина (Павлодар облысы) екінші, Зарина Әбдірасулова (ОҚО) мен Алмагүл Көшиналар (Павлодар облысы) үшінші орын иеленді. Бұл салмақтың үздігі Гүлжан Исанова ел чемпионатына қатысқан жоқ. 78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Альбина Амангелдиева чемпион атанды. Финалда Альбина Ақтөбе облысының намысын қорғаған Анар Сейтімовадан мықты екенін дәлелдеді. Бұл салмақтағы үшінші орын Әлия Жылқыбаева (Астана) мен Зарина Ройфованың (Алматы) еншісінде. 70 келіге дейінгі салмақта Шығыс Қазақстан облысының спортшысы Қалжан Тайжанованың мерейі үстем болды. Ақтық белдесуде Қалжан Алматы қаласынан келген Зәмзәгүл Файзолланованы жеңді. Қола жүлдені Динара Кударова (Қызылорда облысы) мен Ділбар Өмірәлиевалар (Қарағанды облысы) иеленді. 63 келіде Мариан Ордабаева (Алматы) озып шықты. Екінші орында - Жанар Қашқын (Алматы), үшінші орында - Анар Жұмабаева (ШҚО) мен Ақерке Мырзабек (Қызылорда облысы). 57 келі салмақ дәрежесінің финалында Назгүл Құбашева (Атырау облысы) мен Севара Нишанбаева (ОҚО) кездесіп, Назгүл алтын жүлдегер атанды. Қола медаль иегерлері: Әйгерім Әбділқадырова (Астана), Айжан Болат (Қызылорда облысы). 52 келіде Маңғыстау облысының өкілі Олеся Куценко қарсылас шақ келтірмей, чемпиондық атақты жеңіп алды. Ол финалда ұлттық құрама үздіктерінің бірі Ленария Мингазовадан (Жамбыл облысы) басым түсті. Үшінші орында - Әсел Қайсарова (Алматы) және Айкүнім Түйтекова (Алматы облысы) Әзірге жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шыққан аймақты бөліп-жарып айту ертерек. Себебі, чемпионат әлі аяқталған жоқ. Алайда, екі күннің қорытындысы бойынша Қызылорда (8), Қарағанды (6) және Жамбыл (6) облыстарының дзюдошылары біраз жүлде жиып алды. Бүгін Өскемендегі жаңадан салынған жекпе-жек сарайында чемпионаттың үшінші сайыс күні өтеді. Төменде біріншілік кестесімен таныса аласыздар. 18 қараша, дүйсенбі (үшінші сайыс күні): 10:00 – сайыстың басталуы (ерлер - 60 келі, АБС; қыздар - 48 келі, АБС) 17:30-18:00 – Қазақстан Кубогінің жеребе тастау рәсімі (командалық сайыс) 19:00-20:00 – командалардың салмақ өлшеу рәсімі (ерлер -66, -73, -81, -90, +90 келі; қыздар -52, -57, -63, -70, +70 келі). 19 қараша, сейсенбі (командалық сайыс) 10:00 – сайыстың басталуы (ерлер -66, -73, -81, -90, +90 келі; қыздар -52, -57, -63, -70, +70 келі). |
0 пікірлер