Жылдың үздік бапкерлері анықталды
Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясына кіретін спорт түрлерінен ұлттық федерациялар «Бапкер жылын» қорытындылады.
Еске сала кетейік, 2014 жыл Конфедерация төрағасы Тимур Құлыбаевтың бастамасымен «Бапкер жылы» болып бекітілген елі.
Қазақстан бокс федерациясы 3 аталым бойынша үздік бапкерлерді анықтады. «Ересектер арасында 2014 жылдың үздік бапкері» болып ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов танылды. Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаев «Жастар арасында 2014 жылдың үздік бапкері» аталымында топ жарды. Ал қыздар құрамасының аға бапкері Вадим Присяжнюк «Қыздар боксындағы 2014 жылдың үздік бапкері» атағын иеленді.
Дзюдо федерациясы спортшылардың нәтижесі мен аймақтағы жаттықтырушылар қызметін қорытындылай келе, үш үздік бапкердің есімін жариялады. «2014 жылдың үздік бапкері» атағына әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқановтың жеке бапкері Берік Жетпісбаев, кадеттер арасындағы әлем чемпионы және Жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Бауыржан Жауынтаевтың бапкері Қален Қалиұлы, сондай-ақ, Азия ойындарының қазақтан шыққан тұңғыш чемпионы Елдос Сметовтың алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлов лайық деп танылды.
Таеквондо федерациясы Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша «2014 жылдың үздік бапкері» деп Қарағанды облысының аға бапкері Руслан Ишановты таныды. Биыл Қарағанды облысының 3 спортшысы ел біріншілігінде 3 алтын иеленіп, ұлттық құрамаға қабылданған болатын.
Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы да 2014 жылдың үздіктерін анықтады. Азия ойындарының чемпионы Нұрмахан Тінәлиевтің жеке жаттықтырушысы Георгий Цурцумия, еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Руслан Өмірәлиев және қыздар күресінен Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Қайрат Сағадиевтер 2014 жылдың үздік бапкерлері атанды.
0 пікірлер