Алматыда дзюдодан өткен әлемдік "Гран-При" додасында Қазақстан құрамасы бірінші орын иеленді

10:34 | 30 қыркүйек 2013

Алматыда өткен дзюдодан әлемдік «Гран-При» додасында Қазақстан құрамасы 5 алтын, 5 күміс, 7 қола медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орын иемденді.

Біздің құрамаға «Гран-При» алтынын Елдос Сметов, Елдос Жұмаханов, Ислам Бозбаев, Максим Раков және Гүлжан Исановалар сыйлады.

843384d211aa951a53160f1de38514ab.jpg

2010 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы Елдос Сметов 60 келіде чемпион атанды. Финалдық белдесуде ол өзінің командаласы Айбек Имашевтан басым түсті. Бұл салмақта тұғыр биігіне тек қазақ спортшылары көтерілгенін айта кету керек. Қос қола жүлде Асхат Тельманов пен Рүстем Ыбыраевтың еншісінде.

ab6ec035e8633368098df93bb3c91328.jpg

66 келіде биыл әскерилер арасында әлем чемпионы атанған Елдос Жұмахановқа ешкім тең келмеді. Барлық кездесулерін айқын басымдықпен жеңген Елдос финалда беларусь спортшысымен белдескен. Жекпе-жек барысында жеңіліп жатқан Жұмаханов белдесудің аяқталуына 8 секунд қалғанда жеңісті жұлып алды.

526a3f1b31d07cdf92a5d708f689573d.jpg

2010 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, 2011 және 2013 жылы өткен Азия чемпионатында үздік үштікке іліккен Ислам Бозбаев 90 келіде «Гран-При» алтынын жеңіп алды. Ресей және Бразилия дзюдошыларына көп уақыт жұмсамай, таза жеңген Исламның финалдағы қарсыласы – өзбекстандық Хуршид Нәбиев жарақатына орай белдесуден бас тартқан. Сол себепті, финалда Бозбаев белдесусіз-ақ жеңімпаз деп танылды.

0a5575f4d37047a2ff68c5285b4e3f95.jpg

2009 жылғы әлем чемпионы, 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Максим Раков Алматы төрінде алтын жүлдегер атанды. Өз қарсыластарының бәрінен басым болған Максимге финалда бразилиялық Рафаэль Бузакарини қарсылас атанған. Раков өз жерінде аянып қалмай, қарсыласын ұпай санымен жеңді.

dfc20b13cb742aff6a2d53ff5b719c46.jpg

Қыздар арасындағы аса ауыр салмақта Гүлжан Исанова жеңімпаз атанды. 2009 жылғы Азия чемпионы саналатын Гүлжан финалда беларусь қызы Марина Слуцкаяны тізе бүктірді. Қазақстан қыздар құрамасынан алтын жүлде еншілеген жалғыз дзюдошы осы Гүлжан.

«Гран-При» бәсекесінде күміс жүлдегер атанған жерлестеріміз: Айбек Имашев (60 келі), Ертуған Төренов (66 келі), Ержан Шынкеев (100 келіден жоғары), Александра Подрядова (48 келі) және Альбина Амангелдиева (78 келі).

«Гран При» бәсекесінде қола жүлде иеленген Қазақстан спортшылары: Асхат Тельманов және Рүстем Ыбыраев (60 келі), Бақдәулет Сәбитов (66 келі), Дастан Ықыбаев (73 келі), Севара Нишамбаева (57 келі), Мариан Ордабаева (63 келі) және Роза Доқтырбаева (78 келіден жоғары).

Халықаралық дзюдо федерациясының қолдауымен өткізілетін «Гран-При» бәсекесі Алматы қыркүйектің 29-ы күні аяқталды. Турнирде әлемнің 13 мемлекетінен 152 спортшы бақ сынады.

«Гран-При» бәсекесі Олимпиада ойындарына ұпай тарататын 7 турнирдің қатарына енеді. (Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаты, «Шартарап шеберлері» және «Үлкен дулыға» турнирлері, сонымен қатар құрлық біріншілігінен кейін тұр). Турнирдің жүлде қоры да қомақты. І орын иегері 3000, ІІ орын иегері 2000, ІІІ орын иегері 1000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алды. І, ІІ, ІІІ орын иегерлері әлемдік рейтингте өз ұпай қоржындарын тиісінше 300,180 және 120 ұпайға арттырды.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар