Әлем таныған Лим мырза!
Түменде халықаралық дзюдо күнтізбесіндегі ең беделді турнирлердің бірі «Әлем шеберлері» турнирі аяқталды, деп хабарлады Қазақстанның дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен. Қазақстандық Сергей Лим осы жарыстан алтынмен оралды!
«Әлем шеберлері» турниріне үздік 16-ға кіретін әлемдік рейтингтің үздік дзюдошылары шақырылады. Бұл жолы Түменге біздің бес балуан аттанды, олар– Асхат Тельманов (60 кг дейін), Елдос Сметов (60 дейін), Сергей Лим ( 66 кг дейін), Ислам Бозбаев (90 кг дейін) және Максим Раков (100 кг дейін).
Сергей жоғары шеберлігінің арқасында турнирдің алтын медалын қанжығалады!
Бірінші белдесуде Лим аяқталуға санаулы сәттер қалғанда иппон тәсілін жасап, Ниджат Шихализадені (Әзірбайджан) жеңді. Келесі кездесуде Сергей татами қожайыны, 2012 жылғы Еуропа чемпионы ресейлік Алим Гадановты жеңді. Ал финалға шығу үшін француз Давид Ларозеның сағын сындырды. Ал алтын үшін шешуші шайқаста ол жапондық Такаджо Томофумимен кездесті. Лим жекпе-жектің үшінші секундында иппон жасап, жеңіс тұғырына көтерілді.
60 кг дейінгі салмақта біздің екі спортшы өнер көрсетті және екеуінің де медаль алуға мүмкіндіктері болды. Асхат Тельманов бірінші кездесуде Израиль спортшысы Артем Аршанскийді жеңді. Ал әлемдік рейтингте көш бастап тұрған жапондық Такото Наохисамен болған келесі жекпе-жекте Асхат өзінің оңай қарсылас емес екенін көрсете білді. Бірақ Күншығыс елінің дзюдошысы екі юко әдісімен жеңіске жетті. Ал «жұбаныш кездесуде» Тельманов 2012 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері бразилиялық Фелип Китадаиден жеңіліп қалды. Қорытынды хаттамада Асхат жетінші орынға табан тіреді.
Осы салмақта өнер көрсеткен жастар арасындағы әлем чемпионы Елдос Сметов те жарысты жаман бастаған жоқ. Бірінші кездесуде француз Мила Софьянды жеңсе, екінші кездесуде 2013 жылғы Еуропа біріншілігінің жеңімпазы грузин Амиран Папинашвилиді жер қаптырды. Бірақ үшінші кездесуде монғол Ганбат Болдбаатардан жеңіліп қалды, сөйтіп күмісті уысынан шығарып алды. Қола үшін кездесуде Елдос сол баяғы бразилдік Китадаиге есе жіберді. Дегенмен, Елдос «Әлем шеберлері» рейтингінде бесінші орынға табан тіреді.
81 кг салмақтан 90 кг салмақ санатына ауысқан Ислам Бозбаев және ауыр салмақтағы Максим Раков бұл жарыстың бірінші айналымынан да өте алмай қалды.
Дегенмен, «Әлем шеберлері-2013» турнирінің қорытындысын қазақстандықтар үшін табысты болды деп айта аламыз, қалай болғанда да біздің жігіттер құр қол қайтқан жоқ.
Сергей Лим «Әлем шеберлерінің» алтын турнирін жеңіп алған қазақстандық екінші дзюдошы, 2012 жылы Максим Раков жеңімпаз атанған болатын.
0 пікірлер