Тәжікеев Дүйсенбай: «Еліміздегі дзюдоның дамуына жоғары баға беремін»
Қазақстан Республикасының спорт шебері және еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қарағанды облысы, Қаражал қаласының олимпиадалық резервтегі балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдодан аға жаттықтырушысы Тәжікеев Дүйсенбай Тәжікейұлымен сұхбат
Дүйсенбай аға, жалпы күреске, оның ішінде дзюдоны таңдап алуыңызға не түрткі болды ?
-Мен студент кезімде самбо және қазақ күресімен айналыстым, ал енді дзюдо туралы газеттерден оқып біліп жүрдік, кейіннен дзюдодан жаттығу өтіп жатқанын көріп, оның самбодан айырмашылығын көрдім. Енді сол уақытта самбо күресі танымал болатын, алайда дзюдоның жастарға түрлі қасиеттерге ие болуға мүмкіндік беретінін сезіп, дзюдоға бет бұрдым. Жоғары оқу орнын аяқтап, өзімнің туған жерім – Қаражал қаласына барып, дзюдо күресін аштым. Бас кезінде шағын ғана топтан бастадық, қазір дзюдо спорт мектебін аштық. Ал, 2001 жылы бізге олимпиадалық резервтегі балалар және жасөспірімдер спорт мекетебі деген дәреже берді. Содан бері қызмет жасап келем.
Жас ұрпақты дзюдодан жаттықтырып жүрген өзіңізден басқа да бапкерлер бар ма?
-Алғашында жалғыз өзім ғана жұмыс істегем, қазір шәкірттерім маған көмектепсіп жатыр. Қазір 4-5 бапкер бар, олар ел чемпиондары, халықаралық жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Қала шағын ғана болғанымен балалалардың бәрін қамтуға тырысамыз. Мектепте 400-ге жуық бала жаттығады.
Қандай шәкірттеріңізбен мақтана аласыз ?
-Артем Ким деген, жастар құрамасына кірді. Еранқайыпов деген Шымкент қаласында өткен халықаралық жарыста жеңімпаз атанды, Ресейдегі жарыстан жақында жүлдегер болып келді. Алла сәтін салса, биыл Азия немесе әлем чемпионатына барады деген ой бар. Ол өз қарсыластарынан екі жас кіші. Дегенмен биыл оның жоғарыда айтқан айтулы жарыстарға қатысатындай шамасы бар, енді биыл өтпесе келер жылы қатысуы мүмкін.
Еліміздегі дзюдоның дамуын өткен жылдармен салыстырғанда қандай өзгеріс байқайсыз?
-Біздің еліміздегі дзюдоның дамуына жоғары баға беремін. Жақында Павлодар қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігін тамашалағанда, 1999-2000 жылғы балалардың әдіс-тәсілдерін көріп, қуандым. Бізде дзюдо федерациясы, спорт және дене шынықтыру істері агенттігі өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Оған дәлел, елімізде басқа да мемлекеттердің спортшыларымен бірлесе өткізіліп жатқан жаттығулар.
Өзіңіздің жолыңызды қуып, дзюдошы балаларыңыз немесе немерелеріңіз бар ма?
-Ұлым кезінде дзюдомен айналысқан, өте жақсы күресті. Бірақ үш жасында ауырған еді, өсе келе бауыры ауырып қиналған соң, мен оны үлкен спорттан қол үзуін кеңес еттім. Спорт шеберлігіне үміткер деңгейіне жетті.
Өз отбасыңыз туралы толығырақ айтып өтсеңіз
-Менің жұбайым дзюдо күресінен спорт шебері, Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, Азия чемпионатына қатысқан. Бір мектепте қызмет жасаймыз, ол қыз балаларды тәрбиелейді. Төрт балам, екі немерем бар.
Сөз соңында спорт саңлақтарына қандай тілегіңіз бар ?
-Мен қазақ құрамасының спортшыларын жақсы білем, талантты жастар. Сондай-ақ, қазір бізде дарында жас бапкерлер бар, олар бізді алдағы айтулы жарыстарда ел намысын жібермей, жоғары көрсеткіш көрсетеді деп ойлаймын. Барлығына жеңіс тілеймін!
Сұхбатыңызға рахмет, жұмысыңыз жемісті болсын!!
0 пікірлер