​Елдос Жұмаханов: «Біздің дзюдошыларымызға Бразилияда жеңіс тілейміз!»

17:00 | 29 тамыз 2013

Қазақстанның табиғаты тамаша жерінде, Бурабайда біздің дзюдошыларымыз оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Олардың қатарында алдағы Әлем чемпионатына дайындалып жатқан ұлттық құраманың атлеттері де бар. Максим Раков, Сергей Лим және басқа дзюдошылар Чемпионаттың қарсаңында сұхбат беруден бас тартты. Бұл спорттың барлық түріндегі ырым, спортшылар алдын-ала болжам жасағанды ұнатпайды. Бірақ дзюдо «жұлдыздарымен» бірге жаттығып жатқан ұлттық құраманың болашақ чемпиондарымен сұхбаттаса алдық.

Елдос Жұмаханов 23 жаста, бірақ жас болғанына қарамастан ол әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатының чемпионы ( 66 кг салмақ санатында). Естеріңізге сала кетсек, бұл біріншілік ағымдағы жылы 1- 5 шілде аралығында Астанада өткен-ді. Елдос сондай-ақ Азия чемпионатының қола жүлдегері. Келешекте оның әлі талай жеңіс шыңын бағындыратынына сенеміз.

- Дзюдомен қашаннан бері айналысып келесіз?

- Ересектер командасына жақында ауыстым. Дзюдомен 10 жасымнан бастап, Алматыдағы «Теміртау» спорт кешенінде айналыса бастадым. Бірақ мен дзюдомен шынымен айналысуды еш жоспарламаған болатынмын. Алғашында сыныптастарыммен бірге жаттығып жүрдім, кейіннен қызығушылығым арта түсті. О баста бір сыныптан он бала баратынбыз жаттығуға, соңына дейін жалғыз өзім қалдым.

-Кімнің арқасында жеңістіктерге жетіп отырсыз?

- Қолым жеткен барлық наградаларда бапкерлерімнің үлесі зор. Құрамада жаттығып жүргенімен көп болды. Күн сайын олармен кеңесіп отырамын.

- Алға қойған мақсаттарыңыз, жоспарларыңыз қандай?

- Маған дзюдо қатты ұнайды. Қазір ол менің спорттық мансабым, менің жұмысым, менің өмірім және менің басты мақсатым. Және кез-келген спортшының басты мақсаты - Олимпиадалық ойындар, Алла бұйыртса. Биыл Әлем чемпионатына қатыспаймын, мен ересектер құрамассында жаттығуға енді кірістім, үлкен жарысқа әлі дайын емеспін. Олимпиадаға дейін әлі үш әлем чемпионаты бар, үлгереміз. Олимпиадаға дайындық жолында соңғы екі жылда көзге түсу, ұпай жинау және біліктілік алу керек.

- Сіздің ойыңызша, Қазақстанда дзюдо қалай дамып жатыр?

- Көрсеткіштер жыл сайын жақсарып келеді. Биылғы Әлем чемпионатында төрт медаль иелендік, өткен жылғы бәсекеге небәрі екі медаль болған еді. Біздің құрама байрақты бәсекелерде медальсыз қайтқан емес. Менің ойымша, Әлем чемпионатында біздің жігіттер жақсы өнер көрсетеді, және біз барлымыз оларға жанкүйер боламыз. Ал өзімізге келер болсақ, біз қазір Алматыда қыркүйек айында өтетін Гран-При турниріне дайындалып жатырмыз.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар