Айбек Имашев: «Cпортта оңай ештеңе жоқ».
Айбек Имашев, дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы, бірнеше халықаралық жарыстардың жүлдегері. Жақында ғана 21 жасқа толған ол жастар құрамасынан ересектер қатарына биыл ауысып отыр.
-Ересектер командасындағы жағдайыңыз қалай?
- Өте жақсы. Бір жағынан сол баяғы бапкерлерім қалды, және ұлттық құрамада жаттығып жатырмын. Бұл жаттықтырушылар штабымен 2009 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Сол баяғы ырғақпен, сол баяғы құрамамен жаттығудамын. Білмегенімді сұраймын, үйренемін, тәжірибе алмасамын. Бізбен бірге чемпиондар да бірге жаттығуда, мысалы, Максим Раков. Соларға қарап талпынамыз, солардан үлгі аламыз. Ұлттық құрамамен бірге Әлем чемпионатына дайындалдық. Жігіттердің чемпионатта табысты өнер көрсетулеріне тілектеспіз. Әлемдік аренада еліміздің әнұраны бірнеше рет орындалады деген үміттеміз.
- Оқу-жаттығу жиынын Бурабайда Қырғызстан құрамасымен бірге өткіздіңіздер. Сіздің ойыңызша, мұндай жиындар қаншалықты пайдалы?
- Біз үшін де, олар үшін де бұл тәжірибе алмасу. Біз де Мәскеу, Минск, Түркия барып, жиындарға қатысамыз, тәжірибе алмасамыз, бұл өте жақсы мүмкіндік.
- Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
- Гран-При турниріне дайындалып жатырмыз, одан кейін Қазақстан чемпионаты басталады. Ал ұзақмерзімдік жоспарларға келсек, Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындары бар. Барлық спортшының арманы осы жарыстар!
- Дзюдомен айналысуыңызға не себеп болды?
- Мен Ақтауда тудым, дзюдомен 11 жасымнан айналысып келемін. Бұрын каратэмен айналысқанмын. Алматыда «Тау самалы» деген демалыс базасы бар, кезінде сол жерде Асхат Жіткеев сияқты біздің олимпиада жүлдегерлері жаттығатын, Афины олимпиадасына, әлем чемпионатына дайындалатын. Кішкентай кезімде, жазда сол лагерьге бардым. Дзюдошылардың қалай жаттығатынын көрдім. Сол жерде мені байқаған жаттықтырушы Манарбек Таутанов мені қасына шақырып алды да, дзюдоға жазылуға шақырды. Сол кісінің кеңесімен жаттыға бастадым. Екі-үш айдан кейін облыс чемпионатында жеңіске жеттім, кейін мені Қазақстан чемпионатына алып барды. Сонда мені Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебінің жаттықтырушысы байқап, осы мектепке оқуға түсуге кеңес берді. Нәтижесінде әкем мені Астанаға алып барды. Емтиханға кешігіп қалдым, бірақ жаттықтырушы мені бәрібір қабылдады. Қазақстан Чемпионатының үздік үштігіне кіруге екі ай уақыт берді. Сол жылы мен қола жүлдегер атандым, сол мектепте қалдым. Бес жыл оқып шыққаннан кейін, спорттық мансабым басталды.
- Құрамаға кіру оңай болды ма?
- Спортта оңай ешнәрсе жоқ. Қиналмастан, жетістікке жету мүмкін емес. Менің тағдырым солай шығар. Төрт жыл каратэмен айналыстым, бірақ маған дзюдо қызық болды, үнемі дзюдо залына барып, жаттығуды тамашалайтынмын. Манарбек Таутанов сосын мені байқаған болар. Ол кісі талай спортшыны тәрбиелеп шығарды. Ол кісі қазір марқұм, бірақ ол туралы естелік қалады. Семейде оның атындағы турнир өткізіліп тұрады. Дзюдоға келгенімен, дұрыс жолды таңдай алғаныма дән ризамын.
- Алдағы жоспарларыңыз қандай?
- Егер спортта жеңіске жетсе, барлық нәрсеге қол жеткізуге болады. Спортшы мансабы аяқталса да, күн көре аламыз, аяқ-қолымыз бүтін, ата-анамыз аман болса болды.
-Оқуыңыз қалай? Себебі күніне екі рет жаттығасыз, сабаққа уақытыңыз бар ма?
- Күніне үш рет жаттығамыз. Биыл мені оқудан шығарып жібере жаздады, бірақ аман қалдым, себебі университеттің атынан да жарыстарға қатысамын. Өткен Универсиадада мен өз салмақ санатымда чемпион атандым. Кейбір оқытушылар жағдайды түсінеді, кейбіреулері керісінше. Спортшы болсаң, спорттық оқу орнына, дене шынықтыру факультетіне бар, деп кеңес береді. Мен Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университетінде «Мұнай-газ ісі» бойынша оқимын. Оған дейін Астанада «Қаржы» мамандығы бойынша оқитынмын, бірақ Маңғыстау облысының атынан өнер көрсететіндіктен, мен туған облысым шақырды. Әкем мұнайшы, сондықта да осы мамандықты таңдадым. Сабақтан қалмауға тырысамын, емтихан, сынақтарды тапсырамын. Қиын әрине, жиындар мен жаттығулар тұрақты өтіп тұрады.
-Ал қаржылай қолдау мәселесі қалай? Спортпен айналысып тапқан нәпақаңыз күнкөрісіңізге жетеді ме?
- Бізге Федерация және Штаттық ұлттық құрамалар дирекциясы тарабынан жақсы қолдау көрсетіледі. Бірақ, жаспыз ғой, тапқанымыз бәрібір жетпейді. Аллаға шүкір, тек спортпен айналысуға мүмкіндігім бар. Ең бастысы, жаттығатын зал бар. Біздің міндет жаттығу, еліміздің атынан өнер көрсетіп, жеңістер әкелу.
0 пікірлер