​Азамат Мұқанов әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

09:00 | 28 тамыз 2013

Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан әлем чемпионатында сейсенбі, 27 тамызда, қазақстандық дзюдошы Азамат Мұқанов 66 кг дейінгі салмақ санатында күмістен алқа тақты.

Финалға дейін ол барлық қарсыласын (Ресей, Сингапур, Ұлыбритания, Жапония спортшыларын) тізе бүктіріп келді, ал жартылай финалда Еуропа және әлем чемпионы украиналық Георгия Зантарайды жеңді. Өкінішке орай, финалдық кездесуде Азамат жапон спортшысы, 2011 жылғы әлем чемпионы Масаши Эбинумға есе жіберді. Сөйтіп, ұлттық құраманың қоржынына алғашқы медальды, күміс медальды Азамат салды.

Азамат Мұқанов – әлем біріншілігінде медаль жеңіп алған қазақстандық бесінші дзюдошы. Спорттың бұл түрінде жеңіс тұғырына бірінші болып 2001 жылы Асхат Жіткеев пен Асхат Шахаров көтерілген еді, Олар Мюнхенде өткен біріншілікте үшінші орындарды қанағат тұтқан болатын. Ал 2009 жылы Роттердаме Максим Раков алғашқы және әзірге жалғыз қазақстандық әлем чемпионы атанып еді. Максим 2011 жылы Парижде күміс медаль жеңіп алды.

Рио-де-Жанейрода 66 кг дейінгі салмақ санатында өнер көрсеткен Сергей Лим өзбекстандық қарсыласынан жеңіліп, бірінші айналымнан әрі аса алмай қалды. Ал 52 кг салмақ санатта өнер көрсеткен Ленарий Мингазова бірінші айналымда аргентикалық және австралиялық қарсыластарын жеңгенімен, фин қызы Жаана Санбергті жеңе алмай, чемпионаттағы күресін тоқтатуға мәжбүр болды.

Бүгін, 28 тамызда 73 кг дейінгі салмақ санатында Дастан Үкібаев өнер көрсетеді. Ол бірінші жекпе-жекте Қытай балуанымен кездеседі.

Естеріңізге сала кетейік, жекпе-жекті ippon.tv сайтында онлайн-режимде, Астана уақыты бойынша сағат 19.00-де тамашалай аласыздар.

05621c8e6362f7c53be92965a34a7362.jpg

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар