Түрік татамиінен бір күміс олжаладық
Дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасы үшін Түркияның Самсун қаласында өтіп жатқан Гран-при турнирінің үшінші жарыс күні мерзімінен бұрын аяқталды.
90,100, +100 келі салмақ дәрежелерінен жеңімпаздан мен жүлдегерлер анықталатын уақыт жақын. Алайда, олардың қатарында Ермек Имамбеков шәкірттері жоқ. Жұбаныш белдесуінде Ержан Шынкеев (+100 келі) Грузия балуаны Левани Матиашвилиге есе жіберген соң, қола жүлдеге күресу мүмкіндігінен айырылды. Ержан А пулінде түрік Феяз Язичиді жеңгенімен, 2013 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, грузиялық Адам Окруашвилиден (суретте) ұтылып қалды да, жартылай финалдан сыртқалған еді. Осы салмақта күрескен Руслан Әбдіразақов бірінші айналымда түрік Семих Адияманды жеңгенімен, екінші белдесуінде 2013 жылғы бүкіләлемдік Универсиаданың қола жүлдегері, ресейлік Ренат Саидовтан ұтылды.
100 келі. Әділхан Қозыбаев бірінші айналымда грузиялық Александр Мсхаладзеден жеңілсе, Айбек Серікбаев украин Дмитрий Бережныйдан айла асыра алмады.
90 келі. Бірінші белдесуінде португалдық Тиаго Родригесті жеңген Тимур Болат екінші айналымда Германия балуаны Марк Одентальдан жеңілді.
Осылайша, Ермек Имамбековтың командасы түрік татамиінен Елдос Сметов жеңіп алған жалғыз күміспен елге оралады.
0 пікірлер