Асхат Жіткеев: «Өмірімнің басты жетістігі неде?»
Асхат Жіткеев: «Өмірімнің басты жетістігі неде?»
Қазақстандық дзюдоның мақтанышы Асхат Жіткеевтің естеліктері, өткені мен бүгіні, Бейжің Олимпиадасы туралы ойлары..
***
Мен қазіргі күніме дән ризамын. Спорттық мансабымды аяқтағаннан кейін үйлендім, екі балам бар. Алматыда тұрамын, Дзюдо федерациясында Даму жөніндегі директор болып қызмет етемін. Не айтайын. Отандық дзюдо өте жақсы дамып келеді. Бізде әлем чемпиондары да, ірі халықаралық жарыстардың жеңімпаздары да бар. Дарынды жастар өсіп келеді. Қазақстан дзюдо бойынша әлемнің үздік он елінің қатарында, біз алдымызға үлкен міндеттер қойғандықтан солай болар?!
Мысалы, тамыз айының соңында Рио-де-Жанейрода (26 тамыз – 1 қыркүйек) әлем чемпионаты басталады. Біздің бірінші құрамамыз қазір оған тынбай дайындалуда. Команданың көшбасшылары кімдер десек, олар - Максим Раков пен Сергей Лим. Елдос Сметов пен Асхат Сметовты да естен шығармау керек. Ислам Бозбаев та олардың ізін басып қалды.
***
Сергей Лимнің Тюмендегі «Әлем шеберлері» халықаралық турниріндегі жеңісі күтпеген, таңқалатын жағдай емес, ол төккен тердің арқасында мүмкін болып отыр. Сондықтан да бұл жеңіс әлі күнге дейін өздеріне сенбей жүрген жігіттерге жақсы серпін болады. Сенімсіздік татамиде оларға үлкен кедергі келдіреді. Қазақстан құрамасының Тбилисиде өткен Еуропа Кубогындағы көрсеткішіне тоқталар болсақ, жалпы командалық есептегі алтыншы орын өте лайықты нәтиже. Дзюдода әлсіз қарсылас жоқ, әлемдік рейтингте 202 команда өнер көрсетеді.
***
Кеңес Рақышевтің Қазақстанның Дзюдо федерациясы қызметіндегі жұмысына баға берер болсам, ол шын мәнінде біздің дзюдоға өте қажет адам. Оған дейінгі федерация төрағасы Бекет Махмұдов та отандық дзюдоны дамытуға үлкен үлес қосты. Құрамамыз қаржыландырудан проблема көріп отырған жоқ, жігіттер де ештеңеден кенде емес. Оның үстіне өткен жылдың соңында біз Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясына кірдік. Біздің әрі қарай дами түсуімізге мүмкіндік мол.
***
Лондон Олимпиадасында маған құраманы жаттықтыру сенім тапсырылды, бірақ мен өз жұмысыма риза болған жоқпын. Тәжірибе жоқ болды, уақыт та аз болды. Команданы Олимпиадаға бір жарым жыл қалғанда қабылдап алдым, ол кезде бапкерліктің не екенін енді түсіне бастаған кезім. Білімім көбірек болса, көбірек пайда әкелер ме едім?! Бұл бір жағынан. Ал екінші жағынан алатын болсақ, жаттықтырушылар бір алтын медаль әкелу үшін 10-15 жылдан еңбек етеді емес пе?! Бапкерлік өте ауыр жұмыс, мен оны енді түсіндім.
***
Көп адамдар олимпиада медалі кәсіпқой спортшының мансабындағы ең басты медаль деп санайды. Олай емес. Себебі сен финалда жеңіліп қалып, тек күмісті қанағат тұтсаң, сені ұйқыңнан шошып оянатын кездер болады. Финалға жетіп түрып жеңіліп қалу психологиялық тұрғыдан өте ауыр, жеңілістің ащы дәмі біразға дейін ұмытылмайды. 2008 жылғы Олимпиадада менің сәтсіздігім осыған дәлел. Себебі, Бейжіңде мен қатты жеңгім келді, мен оған үш олимпиадалық цикл жүріп жеттім.
***
Өмірімнің басты жетістігі не дейсіз бе? Өткен өмірімде ондай жетістік болған жоқ. Келешекте болар деген үміттемін. Балаларым елінің лайықты азаматтары болып өссе екен деймін. Олар жолды өздері таңдайды, мен оларды спортпен айналысуға мәжбүрлемеймін. Жай көрсетемін...
***
Мансабыма ризамын. Көптеген дзюдошылар әлем чемпионатының ғана медаліне ие, олимпиадалық медальдары жоқ. Менде екеуі де бар. Осы жетістігім үшін шын мақтанамын.
***
Өмірімді түбегейлі өзгерткім келмейді. Дзюдо – менің сүйікті ісім, одан еш жалықпаймын.
АНЫҚТАМА
Жіткеев Асхат Расулұлы
1981 жылы 13 сәуірде Талдықорғанда туған. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері. Бірінші жаттықтырушысы - Саяхат Жомартұлы Құдайбергенов.
Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 100 кг дейінгі салмақ санаты (Бейжің, 2008).
Олимпиада ойындарының қатысушы (Сидней, 2000; Афины, 2004).
Әлем чемпионатының қола жүлдегері (Мюнхен, 2001).
Екі дүркін Азия чемпионы (2003; Алматы, 2004).
Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Ташкент, 2005).
Әлем Сепуркубогының күміс жүлдегері (Германия, 2001).
Двукратный бронзовый призер Азиатских игр (2002, 2006).
Азия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері (Циндао, Китай, 2007).
Халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпазы
Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы
Тимур БАЙКЕТАЕВ
0 пікірлер