Жанат Нұртазина: «Мен өз таңдауыма өкінбеймін»

16:11 | 05 наурыз 2014

8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында дзюдодан ҚР бірнеше дүркін чемпионы, самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері (Ресей, 1994), дзюдодан Азия чемпионы (Вьетнам, 1996), ҚР жастар арасындағы әйелдер ұлттық құрама командасының аға бапкері Нұртазина Жанат Қапезқызымен әңгімелескен едік.

- Жанат Қапезқызы, спортпен қашаннан бастап шұғылдана бастадыңыз?

- Мен спортпен 5 жасымнан шұғылдана бастадым. Алдымен спорттық гимнастикамен, содан соң конькимен жүгіру спортымен айналыстым. Бұдан кейін жарақатыма байланысты, бағытымды өзгертуге турал келіп, мен музыка мектебін фортопиано сыныбы бойынша бітірдім. Алайда мектептен кейін, дене шынықтыру факультетіне түсіп, дзюдо саласын таңдадым. Дзюдомен 17 жастан бастап айналыстым, бірақ маған облыстың құрамасында көп жаттығу қажет болған жоқ, арада бірнеше жыл өтпей еліміздің құрама командасына қабылданып, бапкер Жаңбырбаев Бостан Оңдашұлында жаттықтым. Сол кезде Азия чемпионатында үшінші орын алдым, сондай-ақ, самбодан Қазақстан құрамасында болған кезде, самбодан Азия және әлем чемпионатының қола жүлдегері атандым. Уақыт өте келе, отбасылық жағдайларыма байланысты үлкен спорттан бас тартуға тура келіп, Шығыс Қазақстан облысында бапкерлік қызмет атқара бастадым, кейіннен облыстық құраманың бапкері болып тағайындалдым.

00f44b07b46a3359c2865925616694bc.jpg

- Дегенмен осы спорт түрін таңдауға не түрткі болды, достарыңыз немесе ата – анаңыз кеңес етті ме, әлде, шын мәнінде жеке өзіңіздің қалауыңыз болды ма?

- Сол кездері қыздарға күш қолданатын спорт түрлерімен шұғылдану сәнге айналғандай, ал гимнастикада 17 жас кеш деп есептеледі, сол себепті спортты жалғастырып, дзюдомен шұғылдануға шешім қабылдадым.

00c1632eaa5c0ccd0595f8b80ab36bee.jpg

- Қазір сол кезде қабылдаған өз шешіміңізге көңіліңіз тола ма, өкінбейсіз бе ?

- Әрине, мен өз таңдауыма өкінбеймін. Осы мамандықпен айналысқан мен үшін үлкен ғанибет. Менің өз мамандығыма деген сүйіспеншілігім шексіз. Мен тек бапкер ретінде емес, әкімшілік қызметкер ретінде де жұмыс істеймін. Осы салада әлі де жетіліп, басқа да мемлеттердің тәжірибелерін білгім келеді, шет тілін үйреніп өз мамандығыма лайықты болсам деймін.

- Сіз спортпен шұғылданумен қатар, ғылыми жұмыспен айналысуға да уақыт бөлдіңіз, осы туралы тереңірек айтып берсеңіз.

- Иә, мен дзюдоны тек тәжірибе жүзінде емес, теория түрінде де зерттедім. Спорт академиясында оқып, дзюдо тақырыбында 2000 жылы диссертация қорғап шықтым. Мұнан соң, Қазақстан ұлттық құрамасында жұмыс істеу менің арманым болды. Өз тәрбиеленушілерімді ұлттық құрамаға дейін жеткізіп, спорт саласында қызмет еткім келді. Ұлттық командалар дирекциясында жұмыс істедім, 2008 жылы ҚР әйелдер ұлттық құрама командасын басқардым. Бұл қызметте екі жыл жұмыс істеп, жастар арасындағы әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне тағайындалдым. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе деп білем.

b5c385e8676f45a7925fdec3db581f79.jpg

- Қазіргі таңда елдегі дзюдоның дамуын қалай бағалайсыз ?

- Федерацияны 2008 - 2012 жылдары басқарған Махмутов Бекет Сапабекұлы сияқты білікті мамандар басшылыққа келгенде, спортқа деген үлкен көңіл бөліне бастағаны байқалды. Ұлттық құрама жетістіктерге жете бастады, мәселен, 2009 жылы Исанова Гүлжан Тайпейде Азия чемпионы атанды. Біз Еуропа және әлем кубоктарында жүлдегер атана бастадық. Қазіргі таңда дзюдо федерациясында ерекше кәсіпқойлық леп байқалады. Конфедерация құрылып, жұмыс жүйеленгендей. Бұрын дәл қазіргідей қолдау болған жоқ. Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының төрағасы Құлыбаев Тимур Асқарұлы және дзюдо федерациясының президенті Рақышев Кеңес Хамитұлы осы спорт түріне зор көңіл бөлуде, сол үшін біздің алғысымыз шексіз.

- Сіз дзюдомен айналысқысы келген жастарға сіздің жолыңызбен жүруді кеңес етесіз бе, яғни гимнасикадан дзюдоға ауысуды?

- Жоғарыда айтқандай мен дзюдомен 17 жасымнан бастап айналыстым, бұл жас дзюдо үшін кеш деп есептеледі, алайда спорттық гимнастика менің бағындырған белестеріме жетуге оң әсерін тигізді деп есептеймін. Дзюдода сәтті өнер көрсету үшін икемділік, ептілік және әрекеттеріңді дұрыс үйлестіре білу қабілеттері қажет. Менде осы қасиеттер дзюдоға келмес бұрын болғанын айта кеткім келеді.

- Егер сіздің балаларыңыз жолыңызды қуғысы келсе қарсы болмайсыз ба ?

- Әрине, қарсы болмаймын. Бұл мәселені ұстаз ретінде қарастырсақ, баланың қабілеттеріне қарау керек деп есептеймін.

- Халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзік жандыларға қандай тілек білдіресіз ?

- Барлық әйелдерге отбасылық бақыт тілеймін! Сіздердің жанұяларыңызда махаббат пен татулық, тұрақтылық болсын. Жақындарыңызға мықты денсаулық, көктемдей көтеріңкі көңіл күй тілеймін!

0ca5814999fe34483f8aaf54b7e55c2b.JPG

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар