Елдос Сметов: «Спорттағы жеңістеріммен Қазақстанның атын шығару – менің арманым!»
Елдос Сметов – қазақстандық дзюдоның жаңа буын өкілі. Ол жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңіс тұғырына екі рет көтеріліп, бір алтын, бір қола алқа таққан, ересектер арасындағы жарыстарда да жүлдегер атанған спортшы. Халықаралық дзюдо федерациясының жаңартылған рейтингінде тоғызыншы орында тұрған Сметов liter.kz басылымына берген сұхбатында жаңа шыңдарды бағындырғысы келетінін айтты.
– Елдос, Түменде өткен «Әлем шеберлері» турнирінде жеңіс тұғырына бір қадам жетпей қалдыңыз. Бразилия балуаны Фелипе Катадаиді жеңуге не жетпеді деп ойлайсыз?
– Сәттілік деп ойлаймын. Алғашқы екі белдесуде кездескен француз Милу Софьян мен грузин Амиран Папинашвили оңай балуандар емес еді, бірақ мен оларды жеңдім. Жарыс мен үшін табысты аяқталады деген сенім пайда болды. Бірақ, мен ойлағандай болмады. Бразильдік балуан Катадаимен болған кездесуде біраз оңтайлы тәсілдер жасауға мүмкіндігім болды, бірақ өкінішке орай қарсыласымның қарымта шабуылына ұшырап, қоланы уысымнан шығарып алдым... Келешекте мұндай белдесулерге тактикалық та, психологиялық та тұрғыдан дайын боламын деп үміттенемін.
– Катадаимен белдесердің алдында бапкерлеріңіз қандай тапсырма беріп еді?
– Егер ол кісілердің барлық тапсырмасын орындағанда, жеңілмейтін едім.
–2012 жылдан бастап Қазақстанның ұлттық құрамасының қатарында өнер көрсетіп келесіз. Әлемнің мықты дзюдошыларымен бәсекеге дайынмын деп ойлайсыз ба?
–Ия! 100 пайызға дайынмын. Әлем чемпионаты, Азиялық және Олимпиадалық ойындар сияқты байрақты бәсекелерде жеңіске таласа аламын. Әрине, ол үшін көп тер төгуім керек, спортта онсыз нәтиже болмайды. Қазақта «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз бар. Менің арманым - спорттағы жеңістеріммен Қазақстанның атын шығару, ал ол мақсат үшін мен бар күшімді салым еңбек етпекпін!
– Елдос, отандық дзюдоның жаңа толқын өкілісіз, жастар арасындағы бірінші әлем чемпионысыз. Біздің жас дзюдошыларымыз әлем сахналарында табысты өнер көрсету үшін не істеулері керек?
– Қазақстанда дарындар көп, жекпе-жек спорттары да дарыннан кенде емес. Түрлі қиындықтарға қарамастан, біздің жаттықтырушыларымыз өздерінің сүйікті істеріне өмірлерін арнауда. Мен Жамбыл облысында туып-өскенмін, дзюдошы мансабын Таразда бастадым. Менің алғашқы бапкерім Ахмет Жұмағұлов болатын, мен ол кісінің алдына бес жасымда барғанмын. Дәл сол кісінің арқасында бүгінде мен ішкі және халықаралық аренадағы жетістіктеріме қол жеткізіп отырмын. Менің спортшы болып қалыптасуыма қосқан үлестері үшін Ғалымжан Жылкелдиев, Ермек Иманбеков, Владимир Кичатов сынды бапкерлерге рахметімді айтқым келеді. Бізге жаттықтыру барысында болсын, тұрмыстық жағынан болсын бар жағдайды жасап отырған Қазақстанның дзюдо федерациясы да үлкен жұмыс атқарып отыр.
Ілияс Отан
Фото liter.kz
0 пікірлер