Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік турнирі өз мәресіне жетті
Астанада дзюдодан әлемдік Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысы өз мәресіне жетті. Бұл дода Парижде өтетін Олимпиада ойындарының қарсаңындағы соңғы Grand Slam кезеңі болатын.
Байрақты бәсеке 84 елдің 450 спортшысын Астана татамиінде жинады. Қазақстан құрамасы әлемдік додада 1 алтын, 3 қола жүлде еншілеп, жалпы командалық есепте үздік бестікті қорытындылады. Медаль кестесінде Қазақстан құрамасы Жапония, Италия, Қытай және Хорватия құрамасына жол берді.
Жарыстың алғашқы күнінде 48 келіге дейінгі салмақта Ғалия Тынбаева жарыс жеңімпазы атанды. Бұл жүлде Ғалияның мансабындағы тұңғыш Grand Slam сериясы жарысының медалі. Ал қола жүлдеге құрама көшбасшысы Елдос Сметов (-60 кг), Бақытжан Абдурахманов (-73 кг) және Абылайхан Жұбаназар (-81 кг) қол жеткізді.
Сонымен қатар, әйелдер арасындағы 70 келіге дейінгі салмақта Екатерина Токарева бесінші орынға тұрақтады.
Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ережесіне сәйкес, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне әлемдік және олимпиадалық рейтингтің ұпайлары бөлінеді. 1 орын иегері 1000 ұпай еншілесе, 2 орын – 700, 3 орын – 500 ұпай алады.
Айта кетсек, Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысы нәтижесінде 19-24 мамыр аралығында Абу-Дабиде өтетін әлем чемпионатына қатысатын құрама анықталады.
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының татамиінде әлемдік дзюдо жұлдыздары Олимпиада чемпиондары Акира Соне (Жапония), Рафаэля Сильва (Бразилия), Аарон Вольф (Жапония) пен Хасан Халмурзаев (AIN), әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Криста Дегучи (Канада), Тсогтбаатар Цендочшир (Моңғолия), Джордж Фонсека (Португалия), Валид Кьяр (Франция), Тацуру Саито (Жапония), Grand Slam чемпиондары Достон Розиев (Өзбекстан), Элиос Манци (Италия), Барух Шмаилов (Израиль) сынды бірқатар татами шеберлері бақ сынады.
Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылы Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) елімізде Grand Slam жарыстарын өткізу жайлы екіжақты келісімшартқа отырған болатын. Бұл шешімге сәйкес Qazaqstan Barysy Grand Slam додасы елімізде 2026 жылға дейін өтеді.
Қазақстан дзюдо федерациясының бас серіктесі - "Самұрық-Қазына" АҚ, серіктес - "Sport Qory" туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
0 пікірлер