Жанкүйер: Өмірімдегі ең бақытты сәтім – трибунада отырып жарыс көргенім
Бәріміз білетіндей, дзюдо тек спорт түрі емес. Ол - өмір салты. Дзюдо тек дзюдошыдан тұрмайды. Татами сыртындағы бапкерлер мен төрешілер, дәрігерлер мен массажистер, спорт жарыстарында дзюдошыларға көмектесіп жүрген еріктілер мен жанкүйерлер де «дзюдо» деген ұғымға саяды. Дзюдо әлемінде бұлардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты.
Бүгін бастап отырған «Татамиден тыс» айдарымызда жоғарыда атап өткен әрбір маман иелерімен танысып, дзюдо туралы әңгімелесетін боламыз.
Біздің бүгінгі бірінші қоғанымыз Атырау облысының тұрғыны 31 жастағы Райымбек Якупов. Бүгінгі кейіпкерімізді барша қазақстандық дзюдошылар мен дзюдо жанкүйерлері таниды деп ойлаймыз. Ол Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы селосында тұрады. Алыс аймақта тұратынына қарамастан Райымбек Қазақстанда өтетін маңызды жарыстарды қалдырмай, жарыс өтетін әр қалаға келеді. Осындай бір жарыста дзюдоның шын жанкүйері Райымбекті кездестіріп, жақыннан танысып, еркін әңгімелесудің сәті түсті. Осы орайлы сәтті пайдаланып, Райымбекпен сұхбаттасып та алдық.
-Райымбек, дзюдоға қызығушылығыңыз қалай оянды?
- Дзюдоға кішкентай кезімнен қызығамын. 2000 жылдары Айдын Смағұлов, Асхат Житкеев, Асхат Шахаров сынды қазақтың біртуар азаматтары татамиде тартысқа түскенде, кейін біреуі Олимпиаданы, енді бірі Әлем біріншіліктерінен жүлдемен оралғанда ерекше қуанып, дзюдоға деген қызығушылығым арта түсті. Ағаларымыздың күресіне тамсанып жүргенде, уақыт өте келе Асхат Тельманов, Наурызбек Майлашев, Сұңғат Закарияев сынды өзіміздің ауылдың балалары күресіп, әртүрлі жарыстан жүлдемен оралып жүргенде, оларға жанкүйер болдым. Ауылдасына тақым қыспайтын қазақ кемде кем шығар, сірә.
- Осы уақытқа дейін қандай жарыстарда болдыңыз?
- 2016 жылдан бастап Атыраудан басқа қалаларда өтетін Қазақстандағы маңызды жарыстарды қалдырмауға тырысып жүрмін. Алғашқы ірі жарысым 2016 жылы Алматы қаласында өткен Гран При турнирі болды. 2017 жылы Ақтөбеде өткен Қазақстан Чемпионатына, 2019 жылы Атырау қаласында жастар арасында өткен Қазақстан Чемпионатына бардым. Биыл, міне, Оралда өткен V жазғы Спартакиада ойындарын трибунадан көріп, тамашаладым. Өзіміздің облыс орталығымыз Атырау қаласында өтетін дзюдо жарыстарын қалдырған емеспін. Өмірімдегі ең бақытты сәтім – трибунада отырып жарыс көргенім. Өзімді керемет сезінемін. Енді, биыл Алматы қаласында жасөспірімдер арасында өтетін дзюдодан Әлем чемпионатына бару жоспарда тұр. Маған үнемі қолдау көрсетіп жүретін достарыммен Алматы татамиіндегі тамаша тартысты бірге тамашалаймыз деп ойлаймын.
- Дзюдоға жанкүйер болып жүріп, не түйдіңіз?
-Дзюдо мен үшін №1 спорт түрі. Мен дзюдошы болмасам да, ол маған көп нәрсе берді. Дзюдо мені төзімділікке үйретті. Дзюдошылар бір жарыста жеңілсе, келесі жарысында кеудесін тік көтеріп, мойындарына алтын алқаларын тағып кетіп жатады. Осындай сәттер менің өмірге деген құштарлығымды оятты. Дзюдошлардың әр жеңісі маған мотивация беріп, жігерімнің мұқалмай, қиыншылыққа төтеп беруді үйретті. Дзюдоны тек қана спорт түрі емес, оны өмір сүру стилі, филисофия деп қарастыру керек деп ойлаймын.
- Дзюдошы деп қалдыңыз, қай спортшының күресі ұнайды? Кумиріңіз бар ма?
- Кумирім деп айта алмаймын, бірақ Масачи Эбинуманың күресі қатты ұнайды. Ол әдіске бай, жан-жақты күресетін ерекше, дарынды спортшы. Алл қыздардан украиналық Дарья Билодид пен жапониялық Абе Утаның күрестеріне қызығамын. Дарьяның бойы ұзын, әдістері әдемі. Әсіресе, аяқтан шалу әдісі сәтті шығады. Ол жас болғанына қарамастан Олимпиада чемпиондарын ұтып, бүгінде дзюдо тарихында атын алтын әріптермен жазып үлгерді.
- Енді қазақстандық спортшыларға келсек...
- Қазақстандық спортшылардың ешқайссын бөліп жармаймын. Оның үстіне қазіргі таңда бізде мықты балуандар өте көп. Әсіресе, жеңіл салмақтағы мықтылар Елдос Сметов пен Рустам Ибраевтың күрестерін ерекше бағалаймын. Оралда дзюдодан өткен Спартакиадаға Рустам Ибраев қатысады деген соң, күресін арнайы көруге жанкүйер болып келдім. Қазақтың намысын әлемдік аренадаа абыроймен қорғап жүрген бауырларымыздың әдемі күрестерін үйде көру - мен үшін үлкен мәртебе. Олардың өзін көрудің өзі қуаныш.
-Ал сіздің сүйікті әдісіңіз бар ма?
- Иә, бар. Менің сүйікті әдісім - тізерлеп лақтыру. Одан кейін жағадан ұстап лақтыру. Қазақ балалары көбінесе белге барып күреседі ғой. Олар да әдемі.
- Атыраудан Оралға Спартакиада көру үшін келіп отырсыз. Кімдердің күресі ұнады? Өзіңіз жанкүйер болып отырған спортшылардың күресі көңіліңізден шықты ма?
- Жаңа айтқанымдай, Рустамды (Ибраев – ред.) қолдап келгенмін. Финалға дейін ерекше қарқынмен қарсыластарын жайпап келді. Мынадай қарқынмен финалда жеңіске жетіп, Чемпион атанады деп ойлап едім. Бірақ, жергілікті жас балуан Тоқтарға (Умуталиев - ред.) есе жіберіп алды. Тоқтар мен үшін Спартакиададағы жаңа есім болды. Қазақстан құрамасы сапында күресіп жүрген спортшыларды жеңіп, формада екенін көрсетті. Нәтижесімен таңқалдырды. Одан бөлек, Атыраулық Сұңғат Закарияев, қызылордалық Айбек Серікбаев, қараағандылық Рега Палкин, Жамбыл облысының дзюдошысы Қажымұқан Өтеулиевтердің күрестері ұнады.
Ал қыздарға келетін болсақ, көп күткендей жеңіл салмақта Ақмарал Науатбек пен Ғалия Тынбаева арасында финал тартысты өтті. Өзім ойлағандай, елордалық Ақмарал жеңіске жетті. Әрине, Ғалия да өте мықты, ол осал спортшы емес. Оның да күресін сүйсініп қараймын.
-Ал біздің құраманың бүгінгі нәтижесіне көңіліңіз тола ма? Бізге не жетпейді деп ойлайсыз?
-Біздің спортшыларға характер, мінез дейді ғой, сол жетпей жататын кездер болады. Соңғы секундтарда босап қалып жатады. Әйтпесе, біздің балаларда күш десеңіз күш, бәрі бар ғой. Қазақстанның әрбір дзюдошысының жеңісті күндерінің көп болатынына сенемін.
-Осы орайда, арманыңызбен бөліссеңіз...
-Армандарымның бірі – Олимпиада трибунасынан қазақ дзюдошыларына қолдау көрсету, Олимпиадада жанкүйер болу. Спортшылар Олимпиаданы қалай армандаса, адал жанкүйерлердің арманы да тура сондай. Жанкүйер үшін одан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын!
-Арманыңыз орындалсын! Алтын уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңізге көп рақмет! Сәттілік тілейміз, Райымбек!
-Сіздерге де рақмет! Осы орайлы сәтті пайдаланып, қазақстандық дзюдошыларға алдағы жарыстарда сәттілік тілегім келеді. Әсіресе, Токиода өтетін Әлем чемпионатында бір емес, бірнеше финалға куә болайық. Сонымен қатар, келесі жылы Токиода өтетін төртжылдықтың ең тартысты додасы Олимпиада ойындарында көптен күткен алтын медаліміз қоржынға түссін деп, шын жүректен тілек білдіремін.
Сұхбаттасқан: Әйгерім Тоқсанбек
0 пікірлер