Дзюдодан Қазақстан құрамасы командалық жарыста 5-орынға жайғасты
Дзюдодан Қазақстан құрамасы Азия Чемпионатының аралас командалық жарысын 5-орынмен аяқтады. Жұбаныш финалында қазақстандық дзюдошылар Қытай құрамасымен кездесіп, 4:2 есебімен жеңілді. Шешуші белдесуде құрама сапында Ислам Бозбаев пен Ерасыл Қажыбаев жеңіске жетсе, Серік Ақылбек, Мөлдір Нарынова, Зарина Райфова, Севара Нишанбаевалар қарсыластарына есе жіберді.
Жұбаныш финалына дейін аралас командалық жарыста Қазақстан құрамасы алғашқы қарсыластары Тайпей құрамасын 4:2 есебімен жеңді. Нәтижесінде жартылай финалға шығып, Оңтүстік Корея құрамасымен кездесті. Жартылай финалда Оңтүстік Корея спортшыларына 4:0 есебімен жеңілген отандастарымыз жарыстың қола жүлдесі үшін күресуге мүмкіндік алған болатын. Алайда спортшыларымыз жұбаныш белдесуінде Қытай құрамасынан ұтылып, Азия чемпионатының аралас командалық жарысында жүлдесіз қалды.
Осылайша дзюдодан Қазақстан Ұлттық құрама командасы Фуджейрада өткен Азия чемпионатын 1 алтын, 2 күміс және 3 қола жүлдемен жалпы командалық медаль кестесінде 5-орынға тұрақтады. Ерлан Серікжанов Азия чемпионаты атанса, Галбадрах Отгонцэцэг пен Елдос Жұмақанов күміс жүлдеге ие болды. Ал Ғұсман Қырғызбаев, Севара Нишанбаева мен Ислам Бозбаев құрлықтық біріншіліктің қола жүлдегерлері атанды.
0 пікірлер