Дәурен Сүйеукенов: Жарыстағы нәтижеме көңілім толады

15:30 | 18 ақпан 2019

16-17 ақпан күндері Римде дзюдодан ерлер арасында Еуропа ашық кубогі өтті. Екі күнге созылған жарыста Дәурен Сүйеукенов күміс жүлдеге, Бауыржан Жауынтаев қолаға қол жеткізген болатын. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ақтық финалғаа дейін қарсылас шақ келтірмеген жас балуан Дәурен Сүйеукеновті сөзге тартып, жарыс туралы сұраған болатынбыз.

- Дәурен, Еуропа кубогының күміс жүлдегері атануыңмен шын жүректен құттықтаймыз! Жалпы жарыс туралы айта кетсең: жарысқа дайындығың қалай болды?

- Жарысқа дайындық өте жақсы болды. Осы жарысқа дейін екі жаттығу-жиынын өткіздік.

Ал жалпы жарыс туралы айта кететін болсам, бұл турнир жыл сайын дәстүрлі түрде Италия астанасы Римде өткізіліп отырады. Биыл 46 елден 275 татами шеберлері қатысты. Қазақстаннан 15 дзюдошы қатысып, күміс пен қола жүлдеге ие болдық.

- Осы жарысқа қойған жоспарың қандай еді?

Жоспарым – ел Чемпионатындағы қатемді түзеп, осы жарыста жоғары нәтижеге қол жеткізу еді. (2018 жылғы Қазақстан Чемпионатында жұбаныш белдесуінде жеңіліп, 5-орын алды – ред.) Жоспарым толық орындалды десем де болды.

dded8c21421e730ba8bb30fe6e8acc45.JPG

- Жарыстағы қарсыластарың таныс па? Әрқайссына жеке-жеке тоқтала кетсең...

- Алғашқы қарсыласым Италия спортшысы Д’Анжело Биагио болды. Оған қолын ауырту тәсілін жасап, бірінші кездесуді сәтті бастадым. Одан кейін ресейлік тәжірибелі дзюдошы Монгуш Альбертпен белдестім. Нәтижесінде, отырып арқадан асыра лақтыру әдісімен вазари ұпайын алып, қарсыласыма 3 ескерту (шидо) қағазы берілгеннен кейін бұл белдесуімді таза жеңіспен (иппон) аяқтадым. Ширек финалда жастар арасындағы Әлем чемпионы әзірбайжандық Ровшан Алиевпен күресу қиынға соқты. Қарсыласымның әдісіне қарсы әдіс қолданып, қолына ауырту тәсілін жасап, жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алдым. Жартылай финалда моңғол палуаны Ариунболд Энхтайванмен күрестім. Оған өзімнің сүйікті әдісім - отырып арқадан асыра лақтыру әдісін оңай қолдана алдым.

Ал ақтық сында Әзірбайжан дзюдошысы Орудж Вализадамен күрестім. Маған таныс емес, ыңғайссыз балуан болды. Физикалық тұрғыда менен күшті екені байқалады. Финалда қарсыласым бірінші шабуылдап, әдіс жасап кетті. Осы жерде қате жіберіп, әзірбайжан балуанына есе жіберіп алдым.

1ebc95acc26bb7163d0958e321d26044.jpg

Жарыстағы нәтижеге көңілің тола ма?

- Бұл менің ересектер арасындағы алғашқы жарысым болғандықтан, көңілім толады. Финалға дейін жақсы күрестім. Енді осы жарыста жіберген қатемен бапкерлермен бірге жұмыс істеп, бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткіземін деп ойлаймын.

- Жауаптарың үшін көп рақмет! Алдағы жарыстарға сәттілік тілейміз!

- Рақмет!

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар