Осакада өтетін «Grand Slam» турнирінің жеребесі тартылды
Бүгін, 22 қараша күні Жапонияның Осака қаласында дзюдодан жылдың ең соңғы «Grand Slam» турнирінің жеребесі тартылды. Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесінде 2018 жылға бес «Grand Slam» жарысы жоспарланған болатын. Осыған дейін әлемдік «Grand Slam» кезеңі Парижде, Дюссельдорфта, Екатеринбург пен Абу-Даби қалаларында өтті.
Токио төрінде өтетін байрақты бәсекеге 71 елден 421 татами шебері қатысады. Соның ішінде 13 дзюдошы Қазақстан намысын қорғайды.
Жарыстың бірінші күнінде, яғни, 23 қараша күні әйелдер -48, -52 кг, ерлер -60 кг және 66 келіге дейінгі салмақта белдеседі.
Жеребеге сәйкес, әлемдік рейтингте 7-орында тұрған Ғұсман Қырғызбаев жарысқа екінші айналымда шығады. Алғашқы белдесуінде ол ресейлік Яго Абуладзе мен тайпейлік Ю Ан Ли жұбының жеңімпазымен күреседі. Ал әлем рейтингінде 15 орында тұрған Елдос Сметов те жарысқа екінші айналымда қосылады. Оның алғашқы қарсыласы – Непал дзюдошысы Мохан Бам.
66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиге қос балуанымыз шығады. Әлем рейтингінде 9 орынға жайғасқан Елдос Жұмақановтың қарсыласы Коле Шандлер (АҚШ) мен Башкуу Иондонперенлей (Моңғолия) арасындағы белдесуде анықталады. Жарыс фавориттерінің бірі саналған Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерлан Серікжанов та жарысқа екінші кезеңде қосылады. Әлем рейтингінде 11-орында тұрған отандасымыздың алғашқы қарсыласы тайпейлік Шенг-Тинг Хуаанг болмақ.
Осакада өтетін «Grand Slam» турнирінің іріктеу кезеңі Астана уақытымен сағат таңғы 8-де басталады. Ал жарыстың финалдық кезеңі 14:30-да басталады. Жарыс халықаралық дзюдо федерациясының ресми live.ijf.org порталында онлайн таратылса, «QazSport» арнасы финалдық кезеңді тікелей эфирде көрсетеді.
Айта кетерлігі, халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес «Grand Slam» турнирінің жеңімпазы атанған дзюдошыға әлем рейтингінде 1000 ұпай, күміс жүлдегерге – 700, ал қола жүлдегерге 500 ұпайдан қосылады. Осакада өтетін жарыс қарашаның 25-іне дейін жалғасады.
0 пікірлер