Бүгін қазақстандық дзюдошылар Әлем чемпионатында жүлдесіз қалды
Бакуде дзюдодан Әлем чемпионатының төртінші күні өтіп жатыр. Бүгін әйелдер 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрессе, ерлер арасында 81 келіне дейінгі салмақта белдесулер тартысты өтіп жатыр.
Қазақстан құрамасынан бүгін 3 дзюдошы татамиге шығып, жарыстың іріктеу кезеңдерінен өте алмады.
63 келіге дейінгі салмақтағы Ақниет Тұрдан алғашқы кездесуінде ресейлік Екатерина Волковаға есе жіберсе, 81 келіге дейінгі салмақта Азиз Қалқаманұлы Оңтүстік Кореялық Ли Сиенгсуға есе жіберді.
Дәл осы салмақта сынға түскен тағы бір отандасымыз Дидар Хамза жарысты сәтті бастағанымен, екінші белдесуде ұтылып қалды. Ол бірінші кездесуінде камерундық Нгоуозеу Моионы иппонмен ұтса, екінші белдесуі голден скорға дейін созылды. Алайда, отандасымыз Олимпиада Чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Хасан Халмурзаевтан айласын асыра алмады.
Естеріңізге сала кетсек, Бакуде өтіп жатқан Әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына Ерлан Серікжанов күміс, Галбадрах Отгонцэцэг қола медаль салған болатын.
0 пікірлер