Қырғызбаев пен Серікжанов Тунистегі Гран Приден қола медаль жеңіп алды
Тунисте дзюдодан әлемдік Гран При кезеңі басталды. Жарыстың бірінші күнінде дзюдошылар 5 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. Қазақстан құрама командасынан 4 дзюдошы татамиге шығып, оның 2-еуі жеңіс тұғырынан көрінді.
60 келіге дейінгі салмақта белдескен балуанымыз Ғұсман Қырғызбаев жарыстың қола жүлдесін қанжығалады. Ғұсман Қырғызбаев жарысқа екінші айналымнан қосылды. Алғашқы қарсыласы Ресей балуаны Альберт Монгушты, екінші айналымда бельгиялық Джори Верстритенді иппонмен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда Валиде Хьиярға есе жіберген отандасымыз Ғұсман Қырғызбаев жұбаныш белдесуінде марокколық Ясин Моудатирді жеңіп, жарыстың қола медаліне ие болды.
66 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан Ерлан Серікжанов жұбаныш белдесуінде Ресейлік Иса Исаевты иппонмен жеңіп, ел қоржынына екінші қола медальді салды.
2018 жылғы әлемдік Гран При кезеңінің алғашқы жарысы 19 қаңтардан 21 қаңтарға дейін жалғасады. Аталмыш жарысқа 46 елден 334 дзюдошы қатысып жатыр.
0 пікірлер