Есентаев Қожағапановтың орнын басты

16:01 | 22 қараша 2013

ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігін Тастанбек Есентаев тізгіндеді. Бұл туралы Vesti.kz тілшісі хабарлады.

Бүгін, 22 қарашада, ҚР Премьер министрі Серік Ахметов жаңа басшыны ведомство қызметкерлеріне таныстырды. Министрлер кабинетінің басшысы бұрынғы төраға Ерлан Қожағапановқа (суретте) қазақстандық спортты дамытуға қосқан ерен еңбегі үшін алғысын білдірді, ал Есентаев өз кезегінде отандық спортты дамытып, осы бағытта қарқынды жұмыс жасайтындығына сендірді.

Тастанбек Құтжанұлы Есентаев 1960 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Қарағанды педагогикалық институтының бастауыш оқу және дене тәрбиесі, ал 2007 жылы Қазақстан-Ресей университетінің құқықтану факультеттерін бітірген. Сондай-ақ Бангкоктағы тайлық бокс университетінде «тай боксынан нұсқаушы-бапкер» курсынан өтті. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, самбодан спорт шебері, кикбоксингтен қара белбеу иегері.

Кәсіби мансабында Есентаев дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, тай боксы мен кикбоксингтен жаттықтырушы, сондай-ақ Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын және ҚР Туризм және спорт министрлігінің спорт комитетіне басшылық жасаған. Соңғы уақытта Есентаев Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар