Азия Чемпионаты. Қазақстан қоржынында үш медаль
Бүгін Гонгонгта дзюдодан Азия Чемпионаты басталды. Құрлықтық біріншіліктің алғашқы жарыс күнінде татами шеберлері 7 салмақ бойынша белдесті.
Бірінші күннің қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы 2 күміс, 1 қола медальмен медаль саны бойынша 29 ел ішінде 4-орында тұр.
48 келіде сынға түскен отандасымыз Галбадрах Отгонцэцэг Азия Чемпионатында күміс медаль алып, ел қоржынына алғашқы жүлдені салды. Ол финалдық кездесуде моңғолиялық қарсыласы Уранцэцэг Мунхбатқа есе жіберіп, күміс медальға ие болды.
Отгонцэцэцг Галбадрах (48 кг) алғашқы белдесуінде вьетнамдық Тинзи Хаонгты, екінші белдесуінде Терри Кусумауардани Сюзантиді (Индонезия), жартылай финалда жапон дзюдошысы Фуна Тонакиді иппонмен жеңіп, финалға жолдама алған болатын.
Қазақстандық дзюдошы Елдос Жұмаханов Азия Чемпионатының финалында Рио Олимпиадасының күміс медаль иегері, Әлем Чемпионы кореялық Ан Баулдан жеңіліп, чемпионаттың күміс медаліне ие болды.
66 келіде татамиге шыққан Елдос Жұмаханов финалға дейін Ширесза Индра Бахадурды (Непал), Ю Жикянды (Қытай) және Сордар Нурилоевты (Өзбекстан) жеңген болатын.
73 келіде белдескен балуанымыз Жансай Смағұлов ел қоржынына үшінші жүлдені салды.
Жансай Смағұлов қола медаль үшін болған белдесуде Иран спортшысы Мохаммади Бариманлоу Мохаммадты иппон ұпайымен жеңіп, Азия Чемпионатының жүлдегері атанды. Ол өз тобынан үздік шыққанымен, жартылай финалда кореялық Ан Чангримге есе жіберген еді.
Сондай-ақ, қос Қазақстандық дзюдошы Севара Нышанбаева (57 кг) мен Мариан Урдабаева (63 кг) Азия Чемпионатын 5-орынмен аяқтады.
Естеріңізге сала кетсек, Азия Чемпионаты 26-28 мамыр күндері Гонконгте өтеді. Құрлықтық біріншілікке 29 елден 244 дзюдошы қатысып жатыр. Қазақстан ұлттық құрамасынан 18 спортшы ел намысын қорғауда.
0 пікірлер