Азия Чемпионаты. Қазақстандық екі дзюдошы финалда

12:43 | 26 мамыр 2017

Гонконгта дзюдодан Азия Чемпионаты басталды. Жарыстың бірінші күнінде Қазақстан сапынан қатысқан 9 дзюдошының бесеуі іріктеу кезеңінін іркілмей өтіп, құрлықтық біріншіліктің жүлделерін сарапқа салмақ.

Отандастарымыз Отгонцэцэцг Галбадрах (48 кг) пен Елдос Жұмаханов (66 кг) Азия Чемпионатының финалына шықса, Жансай Смағұлов (73 кг), Севара Нышанбаева (57 кг) және Мариан Урдабаева (63 кг) қола медаль үшін белдеседі.

Отгонцэцэцг Галбадрах (48 кг) алғашқы белдесуінде вьетнамдық Тинзи Хаонгты иппонмен ұтып, екінші белдесуінде Терри Кусумауардани Сюзантиді (Индонезия), жартылай финалда жапон дзюдошысы Фуна Тонакиді иппонмен жеңіп, финалға жолдама алды. Галбадрахтың финалдағы қарсыласы моңғолиялық Уранцэцэг Мунхбат болмақ.

66 келіде татамиге шыққан Елдос Жұмаханов финалға дейін Ширесза Индра Бахадур (Непал), Ю Жикян (Қытай) және Сордар Нурилоевты (Өзбекстан) ұтты. Финалдық белдесуінде Әлем Чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері кореялық Баул Анмен күреседі.

73 келіде белдескен балуанымыз Жансай Смағұлов жартылай финалда кореялық Ан Чангримге есе жіберіп, қола медаль үшін белдесуге мүмкіндік алды. Жансай Смағұловтың жұбаныш белдесуінде Иран спортшысы Мохаммади Бариманлоу Мохаммадпен белдеседі.

57 келіде сынға түскен балуан қызымыз Севара Нышанбаева қола медаль үшін күресетін болады. Іріктеу кезеңінде кореялық Куон Южеонгке жеңгілгенімен, жұбаныш белдесуінде тағы бір отандасымыз Анна Казюлинаны жеңіп, қола медаль үшін сынға түсуге мүмкіндік алды.

63 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Мариан Урдабаева да Азия Чемпионатының қола медалі үшін күреспек. Ол қытайлық Ли Жэні ұтып өз тобынан үздік шыққанымен, жартылай финалда моңғол қызы Мунгунчимег Балдоржқа бір вазаримен жеңіліп, финалға өте алмады. Марианның жұбаныш белдесуіндегі қарсыласы - Ганхайш Болд (Моңғолия).

Азия Чемпионатының финалдық кезеңі Астана уақытымен сағат 15:00-де басталады деп жоспарланған.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар