Александра Подрядова: «Татамиге шығып, жеңісті тойлауға дайынмын»

03:24 | 09 қараша 2013

15-19 қараша аралығында Өскеменде дзюдодан Қазақстан чемпионаты жалауын желбіретеді. Ел біріншілігінің әйелдер арасындағы басты фавориті - 48 кг салмақтағы Александра Подрядова. Шымкенттік дзюдошы confederation.kz порталына берген сұхбатында алдағы форумға дайындығы жайлы, біріншіліктің бас жүлдесінен үмітті екендігін және алдағы жылдың жоспарларымен бөліскен еді.

- Сәлеметсіз бе, Саша! Өскемендегі дода алдындағы көңіл-күйіңізбен бөлісе кетсеңіз?

- Сәлеметсіз бе! Аздап тұмауратқаным болмаса, байрақты бәсеке алдындағы көңіл-күйім көтеріңкі (күлімсіреп). Шаршы алаңға шығып, жеңісті тойлауға дайынмын. Чемпионаттың басталуына бір апта уақыт бар, соған қарамастан дайындық залында тынбай тер төгудемін. Қайтсем де үйге біріншіліктің «алтынын» алып қайтуым керек. Бірақ, кімнің мықты екендігін татамидегі тайталас анықтайды. Менің қарсыластарым мықты, барлығын құрмет тұтамын.

- Алматы мен Ташкент қалаларындағы Гран-придің «күмісінен» кейін, физикалық тұрғыдан қайта қалпыңызға келе алдыңыз ба? Әлде жарақаттарыңыз әлі күнге дейін мазаңызды алады ма?

- Шаршы алаңнан аз уақыт қол үзіп, тынықсам да, өз бабымды сақтап қалуды жалғастырып келемін. ЖФД (жалпы физикалық дайындық) өтіп, кросс жүгірдім, резеңке бұраумен жұмыс жасадым. Әрине, тізем әр кездері сыр беріп қояды, бірақ бұл татамиге шығуға болмайды деген сөз емес.

- Қазақстан чемпионатындағы басты қарсыласыңыз кім?

- Айгүл Байқұлова. Бірге үнемі турнирлерге қатысып тұрамыз. Бірақ, басқа қыздардың мықтылығын бағаламауға да болмайды. Олардың барлығы да қарқынды дайындықпен келіп, мінез көрсетуі де ғажап емес. Олардың арасында бұрын-соңды шаршы алаңда тәжірибе алмаспаған балуандардың болатыны анық. Құрама лидерлеріне әрқашанда үміт артылады, сол себепті біздің арқалайтын психологиялық жүгіміз екі есе. Сол себепті ел біріншілігінде осал балуанның болмайтынын сеземін. Неге дейсіз бе? Қарапайым ғана жауап: әрбір аймақтан келген балуан тек жеңіс үшін келеді. Татамидегі тайталасқа шыққан күнде ешкімді аямауға тырысамын, тіпті өмірімде кездестірмеген қыз болса да (күліп).

- Егер, ел біріншілігінің алтынынан қол үзіп қалсаңыз, өкінбейсіз бе?

- Ол туралы ойлағым да келмейді. Алдымыздағы жылы Азия Ойындары өтетіндіктен, өлсем де, тірілсем де ел біріншілігінің бас жүлдесін тақымға басуым керек. Бұған қосымша мен әлемдік рейтингтің «жайлы» орнына (19-шы орын – Авт.түсінд) жайғастым. Олимпиадаға қатысу үшін мен осы бабымды сақтап қалуым керек. Біресе мені, біресе басқаны үміткер деп танитын құрама жетекшісінің екі ойлы пікірінің құрбаны болғым келмейді. Сондықтан, бапкерімнің осындай ойдан аулақ болуы үшін, біріншіліктің алтынын арқалап кетпекпін.

- Қазақстанның әйелдер құрамасы Өскеменге толық құрамымен бара ма? Әлде ел біріншілігіне қатыспайтын балуандар бар ма?

- Менің ойымша, барлығы да баруға тиіс. Бұл ресми старт болғандықтан, ешкімнің арқасын кеңге салуына хақы жоқ. Бұған қоса біздің құрама Лондон Олимпиадасынан кейін біршама өзгерістерге ұшырады. Жарқын өнер көрсетуден дәмелі көптеген талантты жас қыздарымыз пайда болды.

- Жақында ғана Астанада ерлер арасындағы дзюдодан халықаралық клубтық турнир өтті. Өзіңіз көргендей біздің «TAK Astana Club» бас жүлдеге ие болды. Егер қазақ жерінде осы секілді жоба әйелдер құрамасы арасында жалғасын табатын болса?

- Әрине, қызық болары сөзсіз. Біздің жігіттердің өнеріне дән ризамын. Елімізде дзюдоның қарқынды дамып келе жатқандығы қуантарлық жәйт. Ал егер, шын мәнісінде, әйелдер клубын жасақтар болса, мен қуана-қуана командаға енудің қамын жасар едім. Ал қазір бұл туралы әңгіме болмағандықтан, біздің жігіттердің жеңістеріне қуанып жүре бергеніміз абзал.

- Саша, сізге қояр соңғы сұрақ. Алдағы жылдың жоспарымен бөлісе кетсеңіз?

- Бұған дейінгі сұхбатта айтып өткен жоспарлар өзгеріссіз қалады. Бірінші кезекте – Азия Ойындары. Екіншісі – Челябіде өтетін әлем чемпионаты. Аты аталған додалардың барлығында жоғары нәтижелерге қол жеткізуім керек.

Александра Подрядова

Біздің анықтама. Александра Подрядова (48 кг). Дзюдодан Қазақстан құрамасы

Туған күні: 1989 жылдың 11-ші мамыры

Туған жері: Шымкент қаласы

Бапкер: Клобуцкий Ян Валерьевич

Жетістіктері: 2006 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері (Санто-Доминго, Доминикан Республикасы), 2012 жылғы әлем кубогының жеңімпазы (Ташкент), 2012 жылғы әлем кубогының қола жүлдегері (Прага), 2013 жылғы Әлемдік Гран-придің күміс иегері (Алматы, Ташкент), лондондық Олимпиада (2012) мен Бразилиядағы әлем чемпионатының қатысушысы (2013).

Рейтингтегі орны: 19 (әлемдік рейтинг), 16 (олимпиадалық рейтинг).

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар