Исламиада-2017. Дзюдошылар қос қола медаль алды

23:16 | 14 мамыр 2017

Әзірбайжан астанасы Бакуде Ислам ынтымақтастық ойындарында дзюдо бойынша сайыстар аяқталды. Дзюдошыларымыз Еламан Ерғалиев (+100 кг) пен Гүлдана Әлмұханбетова (52 кг) Ислам ынтымақтастық ойындарында Қазақстан қоржынына қос қола медалін салып, ел намысын абыроймен қорғады.

52 келіге дейінгі салмақта белдескен отандасымыз Гүлдана Әлмұханбетова Ислам ынтымақтастық ойындарының қола медалін жеңіп алды. Ол алғашқы айналымда түрік қызы Коркам Иремнен 4 вазари ұпайымен жеңілгенімен, жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды. Бірінші жұбаныщ белдесуінде түркіменстандық Айнур Аманованы вазари ұпайымен жеңіп, қола үшін күресті. Қола медаль үшін болған белдесуде өзбекстандық Диора Келдиоровамен негізгі уақытта екі шидомен тең түсіп, қосымша уақытта қазақтандық дзюдошы вазари ұпайын еншілеп, Қазақстан қоржынына Ислам ынтымақтастық ойындарындағы алғашқы медалін салды.

a80b8081ffba84b35b04110629e90605.jpg

Аса ауыр салмақта татамиге шыққан балуанымыз Еламан Ерғалиев жартылай финалда қырғызстандық Юрий Краковецкийге есе жібергенімен, жұбаныш белдесуінде Түркия спортшысы Фейяз Языжыны он секундқа жеткізбей иппон ұпайымен жеңіп, қола медалді қанжығасына байлады.

Ислам ынтымақтастық ойындарында Қазақстан құрамасы дзюдо бойынша жарысты 2 қола медальмен 34 ел ішінде 8 орынға тұрақтады. Исламиадаға алғаш рет қатысқан 7 дзюдошымыз мынадай нәтижемен жарысты аяқтады.

Гүлдана Алмұханбетова (52 кг) - қола
Еламан Ерғалиев (+100 кг) - қола
Бауыржан Жауынтаев (60 кг) - 5 орын
Мейіржан Қалтаев (66 кг) - 5 орын
Виктор Демьяненко (-100 кг) - 5 орын
Бекәділ Шаймерденов (73 кг) - 7 орын
Салтанат Сұлтанбекова (48 кг) - іріктеу кезең

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар