«Дәулеттегі» қақтығыс (фото)
Бас жүлдеге тігілген 50 000 АҚШ доллары қазақстандық құраманың қоржынында. Дзюдодан турнирдің жеңісін олжалаған команда дәл осындай сыйақыға қол жеткізулері керек болатын. «TAK Astana Club» пен «CityCommerce Bank Team» (Украина) арасында өткен финалдық жекпе-жек жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Бір-біріне есесін жібергісі келмеген қос клубтың балуандары қызықты, әрі тартысты ойын сыйлады. Соңғы жетінші белдесуге дейін таблода – 3:3 есебі жанып тұрды. Соңғы түйенің жүгі ауыр дегендей, алаң қожайындарынан ауыр салмақтағы Ержан Шынкеев (+100 кг) татамиге көтеріліп, есепті бір ұпайға арттырды (4:3). Ержанмен бірге тартыс алаңына шыққан Станислав Бондаренко осал қарсылас емес-тін. Екі балуанның тартысы тепе-тең дәрежеде өтті. Алайда соңғы минуттарда қателікке бой алдырған украиндық балуан төрешілер тарапынан ескерту алып, финалдық айқас тоқтатылды. Осылайша мықтыларды іріктеген сайыстың жеңімпаздары ретінде қазақ балуандары танылды.
Финалдық тартыстың нәтижелері:
60 кг
Асхат Тельманов – Геворг Геворгян – 1:0
66 кг
Азамат Мұқанов - Георгий Зантарая – 1:1
73 кг
Ертуған Төренов - Сергей Дребот – 1:2
81 кг
Яхья Имамов (Өзбекстан) - Виталий Попович – 2:2
90 кг
Эркин Дониеров (Өзбекстан) - Вадим Синявский – 2:3
100 кг
Максим Раков - Дмитрий Лучин – 3:3
+100 кг
Ержан Шынкеев - Станислав Бондаренко – 4:3
Ресейліктер арасында өткен тартыста «Самбо-70 Москва» клубы Челябі қаласы Олимпиадаға даярлық орталығы клубының жауырынын жерге тигізіп, жеңіс тұғырының үшінші орны мен 20 000 АҚШ долларын иемденді. Жекпе-жектің нәтижесі – 5:2.
5-6 орындарды латвиялық «Riga Dome» мен қырғызстандық «Ippon» командалары өзара бөлісті.
0 пікірлер