Зере Бектасқызы: Тбилиседегі турнирге тыңғылықты дайындаламын

10:59 | 18 наурыз 2017

Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен «Гранд Слэм» турнирінде әйелдер арасында 70 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Зере Бектасқызы қола жүлдеге таласта ұтылып, 5 орын алған болатын. Спортшы жарыс жолын кеше, 11 наурыз күні аяқтады. Белдесулері аяқталғаннан кейін, қазақстандық дзюдошы қызбен sportportal.kz сайтының тілшісі сұхбаттасқан болатын.

— Зере, Баку татамиінде бірінші белдесуде бос болып, екінші айналымда босниялық дзюдошыға ұтылдыңыз. Психологиялық дайындық жетіспе де әлде басқа себептер бар ма?

— Ия жарысты бірден екінші айналымнан бастап бірден ұтылу қиынға соқты. Белдесу алдында көңіл-күйім, психологиялық дайындығым ойдағыдай жақсы болатын. Белдесу барысында тактикалық тұрғыда дайындық әлсіз болды деп ойлаймын. Алдағы жарыстарға дайындық кезінде сол қателіктермен жұмыс жасаймын.

— Жұбаныш белдесуінде татами иесі әзірбайжандық балуанмен күресіп, еш қиындықсыз ұттыңыз. Осы белдесуден кейінгі әсеріңізбен бөліссеңіз?

— Өздеріңіз көрген боларсыздар, белдесу бір минутқа жетпей аяқталды. Қарсыласымның қолына ауырту тәсілін жасау арқылы таза жеңіске жеттім. Осы турнирде үздік үштікке кіруді мақсат еттім және қалайда қола жүлде үшін күресуге барымды салып, белдесуді уақытынан бұрын аяқтауға тырыстым.

— Баку татамиінен жүлде алатын тамаша мүмкіндігіңіз болды. Сізге қарсылас тарапынан қандай қиындық әсер етті?

— Жүлдеге бір табан жақын болдым. Қарсыласым хорват қызы Гран при бәсекелерінде алдыңғы қатардан орын алып, жүлде иеленіп жүрген балуан. Бұл жарысқа жақсы дайындықпен келген. Қателік өзімнен, тактикамен жұмыс істеу жағы әлсіз болды. Белдесуге де көтеріңкі көңіл-күймен және жоғары психологиялық дайындықпен шыққан едім. Сәттілік жетіспеді. Алдағы жарыстарда тактика жағынан кеткен олқылықтардың орнын толтырам деп үміттенемін.

— Чехияда өткен турнирге қарағанда Бакуде тәуір нәтиже көрсеттіңіз. Чехиядағы қарсыластарыңыз жайлы айтып кетсеңіз.

— Чехияда бірінші айналымда украиналық балуанды иппон ұпайымен таза жеңдім. Ал екінші айналымда голландия балуанымен болған белдесуде төреші екеумізге де екі ескертуден(шидо) берді. Белдесудің негізі уақыты біткенше маған үшінші ескеруді беріп, жеңіс қарсыласыма бұйырды.Осылайша жарыс жолын аяқтадым. Ия, Бакудегі «Үлкен дулыға» турнирінің Чехиядағы жарысқа қарағанда жүлделі орыннан көрінген балуандарға көп ұпай беріледі. Сондықтан 5 орын жақсы нәтиже деп ойлаймын.

— Алдағы уақытта қандай жарыстарға дайындаласыз?

— Бұйырса алдағы уақыттарда Грузия астанасы Тбилисиде Гран При бәсекесі және Моңғолияда оқу-жаттығу жиындары өтеді. Соларға дайындықты бастаймын.

— Сұхбаттасқаныңызға рахмет! Алдағы байрақты бәсекелерде сәттілік тілейміз!

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар