Қазақстандық дзюдошы әлемдік рейтингте бірінші тұр

17:43 | 26 қаңтар 2017

Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов халықаралық дзюдо федерациясы рейтингінде 60 килограмм салмақ дәрежесі бойынша бірінші орынға шықты.

Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) рейтингі 2017 жылы қаңтардың 23-і күні жарияланды. Әлемдік рейтингті 1852 ұпаймен қазақстандық атлет Елдос Сметов бастап тұр. Үздік үштікке өзбекстандық Диорбек Урозбоев (1772 ұпай) пен әзербайжандық Орхан Сафаров (1772 ұпай) енген. Ал Рио олимпиадасының финалында Сметовті жеңген ресейлік Беслан Мудранов 1573 ұпаймен 6-орында тұр. Әлемдік рейтингте спортшылардың 2015-2016 жылғы жарыстарда жинаған ұпайлары есептеледі.

24 жастағы Елдос Сметов дзюдо секциясына бес жасында барған. Әкесі Бақтыбай оның тоғыз жастан асқанда спорттан қол үзіп кете жаздағанын айтады.

- Тоғыз жасында Елдос ауылда ойнап жүргенде құлап, басын жарып алды. Көп емделді. Спортты ойлайтын жағдайымыз болмады. Кейін тәуір болған соң күреске қайта келді, - дейді әкесі Бақтыбай.

Сметов 16 жасында, 2009 жылы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, Қазақстан жастар құрамасына шақырту алады. 2010 жылы Мароккода өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында - алтын, 2011 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде қола медаль алады. Осы жеңістен кейін 20 жасында бапкерлер оны ересектер арасындағы жарысқа апара бастайды.

ce743cc5d4afc54ad2a2fb2218b23bdd.jpg

АЗИАДАДАҒЫ АЛТЫН

2013 жылы Елдос Сметов Таиланд астанасы Бангкокта өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында қола жүлде иеленеді. Ал 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен Азия ойындарында Сметов чемпион атанады. Ол финалда 2013 жылғы әлем чемпионы, моңғолиялық палуан Ганбат Болдбаатарды иппонмен (таза жеңіс) жеңді. Бұған дейін Қазақстан дзюдодан Азиада жарыстарында алтын медаль алмаған еді.

- 2013 жылы Челябинскіде өткен әлем чемпионатына бармадым. Азия ойындарында алтын алғым келді, бапкерлердің басты мақсаты да осы болды, - дейді дзюдошы.

Сметов 2015 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында алтын жүлде алды. Ол финалда командалас досы Рустем Ибраевпен кездесіп, шидо (бір ұпай) әдісімен басым түсті. Астанадағы жеңістен кейін Сметов «Азия ойындарында жеңіске жеттім. Сенім көбейді. Енді Азия чемпионаты мен олимпиадада алтын алсам» деген тілегін айтқан.

2016 жылы балуан Ташкентте өткен Азия чемпионатына барады. Бұл жарыста ол төрт кездесу өткізіп, барлығында таза жеңіске жетті. Финалда Сметов өзбекстандық Урозбек Диорбековтен ескерту саны бойынша жеңіліп жатып, кездесу аяқталуына 30 секунд қалғанда, қарсыласын қолынан тартып, ауырту әдісімен жеңіске жетті. Өзбекстан балуаны аяқтарымен татамиді соғып, жеңілгені туралы ишара білдірді.

«ОЛИМПИАДА АЛТЫНЫ ЖЕТПЕЙ ТҰР»

Рио-2016 олимпиадасы алдында IJF Сметовті чемпион атағына үміткер деп бағалады. Сметов Рио татамиінде финалға дейін барлық қарсыластарын таза жеңіп, тек финалда ресейлік Беслан Мудрановтан жартылай жеңіліп, күміс медаль иеленді.

Риоға физикалық, психологиялық, техникалық жағынан дайын болып бардым. Финалда сәттілік жетіспеді. Олимпиада күмісі – карьерамдағы басты жетістігім. Егер Риода алтын алсам карьерамды аяқтайтын едім. Қазір медальдарымның арасында олимпиаданың алтыны жоқ. Демек, ол медальды алу үшін Токио олимпиадасына дайындаламын, - дейді балуан.

Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Ермек Иманбеков Рио олимпиадасынан кейін Азаттық тілшісіне берген сұхбатында «Сметовтен алтын күттік. Мақсат Рио алтыны болған. Финалда оны ішкі эмоциясы жеңіп кетті. Сметовте тактика, техника бар. Жығылып бара жатып, арқасын татамиге тигізбей қашып кете алады. Сметовті Токио олимпиадасына дейін сақтап, алтынға жұмыс істейміз» деген еді.

Елдос Сметов қазір Қазақстан құрамасымен Токиода оқу-жаттығу жиынында жүр. Ал ақпанның 24-і Дюсселдорфта (Германия) өтетін Гран-при жарысына барады. Сметов биыл күзде өтетін Будапештегі (Венгрия) әлем чемпионатына да қатысуды жоспарлап отыр.

Автор: Руслан Меделбек

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар