Дзюдошылар конфедерация кубогының ақтық сынына дайын
Алматы қаласында 3-4 желтоқсан күндері «Балуан Шолақ» спорт кешенінде спорттық жекпе-жек және күш қолданатын спорт түрлері конфедерациясы кубогы (Бұдан әрі – Конфедерация кубогы – Авт.) өтеді.
Конфедерация кубогы үшін қатысушылар жеребе арқылы төрт топқа бөлінген. Әр топта 4 облыс спортшылары финалдық бәсеке үшін барын салды. Нәтижесінде, қызылордалық спортшылар Қарағанды құрамасымен, Шығыс Қазақстан облысы жамбылдық дзюдошылармен белдесіп, жеңімпаздар финалда кездеседі. Жарыстың жүлде қоры – 125 млн теңге. Әр спорт түріне 25 млн теңгеден тиесілі болады.
Санаулы күннен соң басталатын дүбірлі додаға дзюдошылар дайын екендіктерін жеткізді.
«А» тобында үздік деп танылған Қызылорда құрамасының спортшысы Ерлан Жақсыбеков «Конфедерация кубогына дайындық физикалық, психологиялық тұрғыдан өте жақсы. Бабымыз келісіп тұр. Тек бабымыз шапса екен деген тілек бар» дейді.
«Б» тобынаның үздігі ШҚО дзюдошысы Дастан Ықыбаев «Жарыстың іріктеу кезеңі ойдағыдай өтті. Елімізде конфедерация кубогы жыл сайын өтсе, спортшылар арасында конкуренция да өседі деп ойлаймын. Бұл сайыстың ерекшелігі – жекелей сында өзің үшін белдессең, мұнда жалпы команданың намысын қорғайсың. Топтық сынның әр спортшы үшін жауапкершілігі - мол, артылған жүгі – ауыр» дейді.
Ал Қарағандылық Жансай Смағұлов топтан шығу оңайға соқпағанын айтты:
- Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Елімізде спортшылардың біліктілігін шыңдайтын мұндай жарыстардың болғанына қуаныштымын. Бұл – Қазақстанда дзюдоның дамығандығының белгісі. Тек дзюдо емес, барлық спорт түрлерінің дамығандығын білдіреді – деп, жанкүйерлерді спортшыларды қолдауға шақырды.
Жамбыл облысының дзюдошылары «D» тобынан үздік шығып, жартылай финалдық белдесуге мүмкіндік алған болатын. Бұл құрама сапында Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов те белдеседі. Конфедерация кубогындағы белдесу - Елдостың Олимпиада ойындарынан кейінгі қатысатын алғашқы сайысы. «Олимпиадаға дайындалғандай қатты дайындығым жоқ. 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шығатыным да оңай болмайтынын сезіп отырмын. Барлығын татами көрсететін болады», - дейді ол журналистерге берген сұхбатында.
Конфедерация кубогына қатысатын дзюдошылар тізімін естеріңізге сала кетсек:
Қарағанды облысы: Жансай Смағұлов, Қайрат Ағыбаев, Айдын Дартаев, Еркебұлан Қанафин, Ержан Шынкеев, Дмитрий Черкасов, Тимур Жарасов.
Жамбыл облысы: Елдос Сметов, Жеңіс Сайлаубай, Ораз Нұрдәулет, Бекәділ Шаймерденов, Азиз Қалқаманұлы, Ахмет Дәулет, Айтбек Айбол, Дәулетхан Жақыпов, Жамбыл Тұрғналиев, Абай Ерболұлы.
Қызылорда облысы: Дархан Сержанов, Ерлан Жақсыбеков, Ғалым Абдірахманов, Ақылбек Серік, Батыр Мұқатаев, Ержан Абдуллаев, Жайдарбай Есенов, Олжас Қалниязов, Нұрым Сәлімгереев, Еламан Ерғалиев.
Шығыс Қазақстан облысы: Ерлан Серікжанов, Ильяс Измагилов, Нұрлан Оразалин, Елдар Бисембаев, Дастан Ықыбаев, Ерсін Сейітқазынов, Әсет Ахметжанов, Мақсат Мәзібаев, Дәурен Нұралинов, Ерасыл Қажыбаев.
0 пікірлер